Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы корей тілінде эссе жазу байқауын өткізді — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы корей тілінде эссе жазу байқауын өткізді

13 наурыз 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы корей тілінде эссе жазу байқауын өткізді

2026 жылғы 13 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы корей тілінде жоғары оқу орындары арасындағы эссе жазу байқауын ұйымдастырды. Аталған іс-шара студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға, академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталды.

Байқауға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Қатысушылар корей тілін жоғары деңгейде меңгергенін, аналитикалық қабілетін және эссе жазудағы шығармашылық көзқарасын көрсетті.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында «BLJ Law&Tax» компаниясының басқарушы серіктесі әрі адвокат Ли Чжэ Ук, Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім беру орталығының директоры Ким Хонгхван, сондай-ақ «VCA» ЖШС директоры Шамшидинова Дина М. болды. Олар өз сөздерінде шет тілдерін үйренудің маңыздылығын және елдер арасындағы мәдени алмасудың рөлін атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
1-орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Оканова Анель иеленіп, Алматы қаласындағы Корея Республикасы Бас консулының грамотасымен марапатталды.

2-орынды Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері Қалжан Анеля және Диқанбай Еркежан иеленіп, Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім беру орталығы директорының 원장상 марапатына ие болды.

3-орынды Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенттері Бухарбаева Акбота, Каирбекова Аружан және Қанапия Құндыз иеленіп, Демократиялық бейбіт бірігу жөніндегі консультативтік кеңестің өңірлік бөлімше төрағасының 민주평통지회장상 марапатымен марапатталды.

Ынталандыру сыйлықтарына Кунес Сымбат (Абай атындағы ҚазҰПУ), Ашим Ондасын және Ерлікбай Амина (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ие болды.

Мұндай іс-шаралар студенттердің корей тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.