«Дүниежүізілік мұздықтар күніне» арналған дөңгелек үстел
2026 жылғы 20 наурызда метеорология және гидрология кафедрасының оқытушылары, доцент А.С. Нысанбаева және аға оқытушы Ж.А. Жанабаева «Дүниежүзілік мұздықтар күніне» арналған дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны ЮНЕСКО қамқорлығымен Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығы ұйымдастырды. Шараға ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өңірдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі – мұздықтардың жылдам қысқаруы және оның салдары талқыланды.
Қатысушылардың назарында мұздықтардың жай-күйі мен Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу арасындағы байланыс болды. Ең алдымен, бұл ТДМ 6 – «Таза су және санитария». Мұздықтар Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан үшін тұщы судың стратегиялық көзі болып табылады. Олардың деградациясы халықты, ауыл шаруашылығын және энергетиканы сумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етіп, болашақта су тапшылығы қаупін арттырады. 
Сонымен қатар, ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мәселесі де ерекше атап өтілді. Қатысушылар мұздықтардың еруінен туындаған гидрологиялық режимнің өзгеруі сел, су тасқыны сияқты табиғи қауіптердің артуына әкелетінін, бұл өз кезегінде таулы және тау бөктеріндегі аймақтардың, соның ішінде Алматы қаласының инфрақұрылымы мен тұрғындарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін атап өтті.
ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруімен күрес» бағытына ерекше назар аударылды. Баяндамаларда мұздықтардың жедел еруі жаһандық жылынудың ең айқын көрсеткіштерінің бірі екені атап өтілді. Ұсынылған ғылыми деректер криосфераны мониторингтеуді күшейту, қашықтықтан зондтау технологияларын енгізу және бейімделу шараларын әзірлеу қажеттігін көрсетті.

ТДМ 15 – «Құрлық экожүйелерін сақтау» аясында мұздықтардың деградациясының тау экожүйелеріне әсері талқыланды. Су теңгерімінің өзгеруі табиғи ландшафттардың трансформациясына, биоалуантүрліліктің азаюына және экожүйелер тұрақтылығының бұзылуына әкеледі. Бұл кешенді ғылыми тәсілді және пәнаралық өзара іс-қимылды талап етеді.
Бағдарламаның маңызды бөлігі ретінде Алатау: вслед за исчезающими ледниками деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм Іле Алатауы мұздықтарының жедел еруіне арналды және болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен оның табиғат пен қоғамға әсерін көрнекі түрде көрсетті. Көрсетілім қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, ғылыми баяндамаларды визуалды материалдармен толықтырды. 
Дөңгелек үстел білім алмасу, ғылыми нәтижелерді талқылау және су ресурстарын тұрақты басқару мен климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды алаң болды. Мұндай іс-шаралар қоғамның хабардарлығын арттырып, ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар