ҚИЫР ШЫҒЫС КАФЕДРАСЫНДА ҚАЗАҚ ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ — ҚазҰУ

ҚИЫР ШЫҒЫС КАФЕДРАСЫНДА ҚАЗАҚ ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

20 наурыз 2026
ҚИЫР ШЫҒЫС КАФЕДРАСЫНДА ҚАЗАҚ ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІНЕ АРНАЛҒАН  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

2026 жылдың 20 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті жапонтану бөлімінде жергілікті және жапон студенттері үшін қазақ дәстүрлі мәдениетіне арналған халықаралық семинар өткізілді.

Семинар жыл сайын ұйымдастырылатын қысқы мектеп аясында Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Тазабекова Гүлмира Бимуханқызының жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Кездесу бағдарламасына сәйкес, жергілікті білімгерлер қазақ халқының ұлттық мәдениетіне арнап дайындаған презентацияларын көрермендер назарына ұсынып, шетелдік қатысушылар үшін ұлттық ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар, жапон студенттері қазақтың дәстүрлі тәтті тағамдарымен танысып, олардан ауыз тиіп, дәмін татып көруге мүмкіндік алды.

Сайып келгенде, семинар қос ел жастары арасындағы достықты нығайтуға мүмкіндік берді, әрі күншығыс елінен келген жапон жастары үшін қазақ халқының болмысымен танысуға арналған тамаша алаң болды. Мәдени алмасу барысында қатысушылар белсенділік пен қызығушылық танытып, семинардан жаңа әсерлер мен жағымды эмоциялар алды.

Халықаралық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, сондай-ақ, шетелдік білімгерлердің қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Осылай  мұндай мәдени шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.

Қиыр Шығыс кафедрасының

аға оқытушысы Тазабекова Г.Б.