Жасанды интеллект: медиа мен білім берудегі сын-қатерлер — ҚазҰУ

Жасанды интеллект: медиа мен білім берудегі сын-қатерлер

9 сәуір 2026
Жасанды интеллект: медиа мен білім берудегі сын-қатерлер

ТДМ-4. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Фараби әлемі» халықаралық форумы аясында «Жасанды интеллект, медиа және білім беру: білімді ұлт және жауапты қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара модераторы журналистика факультетінің деканының м.а. Мәншүк Мұқашева.

Құттықтау сөз сөйлеген тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров жасанды интеллект қоғам трансформациясының негізгі факторына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт мемлекет, ғылым және медиа тарапынан жауапкершілікті талап етеді.

Пленарлық отырысты ҚР Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Қалқа Нұрлан Нұрахметұлы ашты. Ол технологиялық өзгерістердің жаһандық сипатын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект саласындағы мамандарға сұраныстың артып келе жатқаны туралы пікірін еске салды. Сонымен қатар, спикер сот жүйесінде цифрлық шешімдердің, соның ішінде бет-әлпетті тану және сөйлеуді мәтінге айналдыру технологияларының енгізіліп жатқанын айтты.

SNDTWU профессоры Mira K. Desai білім беру саласының цифрлық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды. «NeuroEvolution» AI-агенттігінің негізін қалаушы Мадина Абдрашитова заманауи мамандар үшін жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларының маңызын атап өтті. Nabroski агенттігінің CEO-сы Наталья Брославская медиа кеңістіктің трансформациясы мен алгоритмдердің ықпалының артуына назар аударды.

Zakon.kz SMM-редакторы Данияр Кунафин цифрлық платформалармен жұмыс істеудің практикалық аспектілерін ұсынды. Ал қауымдастырылған профессор Карлыга Мысаева жасанды интеллекттің гуманитарлық ғылымдарға әсеріне тоқталды. «Paiym Media» бас редакторы Ақжарқын Қыдырханова медиасауаттылық пен ақпарат таратудағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Қатысушылар жасанды интеллектті мемлекеттік реттеу, цифрландырудың әлеуметтік салдары, сондай-ақ медиа, білім, ғылым және бизнес арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Жас зерттеушілердің баяндамаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту технологиялық прогресс пен этикалық қағидаттар арасындағы теңгерімді сақтауды және салааралық өзара іс-қимылды талап ететіні атап өтілді.