Әдебиет пен руханият тоғысқан жүздесу
ТДМ-17 8 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде рухани мазмұны терең, тағылымы мол кездесу өтті. Факультет төріне белгілі қытай жазушысы, аудармашы, ҚХР Халықтық саяси консультативтік кеңесінің бұрынғы мүшесі – Акбар Мәжит арнайы келіп, болашақ журналистермен жүздесті.
Кездесудің шымылдығы факультет деканы м.а.– Мәншүк Тынышқалиқызы Мұқашеваның жүрекжарды лебізімен түрілді.
Жүздесу шынайы сұхбат алаңына айналып, студенттер үшін ерекше әсерге толы болды. Қаламгер өз өмір жолынан сыр шертіп, шығармашылықтағы ізденісі мен рухани жауапкершілік туралы ой қозғады. Ол ұзақ жылдар бойы Қытай жазушылары баспа тобы директорының орынбасары қызметін атқарып, сондай-ақ «Қытай жазушылары», «Ұлттар әдебиеті» сынды беделді әдеби басылымдардың бас редакторы болғанын атап өтті. Бұл тәжірибесі оның әдебиет әлеміндегі орнын айқындай түсетіні сөзсіз.
Әдеби кештің ең әсерлі тұстарының бірі – жазушының өз шығармалары жайлы тебірене әңгімелеуі болды. «Қайран он бестегі Халида-ай», «Ақсақ құлан», «Мұхаммед Пайғамбар», «Мұқали» сынды туындылары арқылы ол адам жанының терең иірімдерін, тарих пен тағдырдың тоғысқан тұстарын суреттейтінін жеткізді. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлы қара сөздерін қытай тіліне аудару барысындағы тәжірибесімен бөлісіп, ұлы ойшыл мұрасының Қытай оқырмандарына қалай жол тапқанын әсерлі түрде баяндады.
Қытай Жазушылар одағы мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының
лауреаты, ҚР «Достық» орденінің иегері атанған қаламгер бүгінде қытай тілінде қалам тербеп, 30-ға жуық кітаптың авторы ретінде танылған. Оның еңбектері ұлттық әдебиет пен әлемдік мәдениетті жалғайтын алтын көпір іспетті.
Кездесу барысында студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, кәсіби бағыт-бағдар жөнінде құнды кеңестер алды. Жазушы жастарға шығармашылықта адал болу, көп оқу және тіл меңгерудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кеш соңында факультет деканы, профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттар құрметті қонаққа алғыс білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің жас буын үшін маңызы зор екенін жеткізді.
Аталмыш жүздесу – рухани сабақтастықтың, әдеби байланыстың жарқын көрінісі ретінде студенттер жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Н.Б. Рушанова,
әл-Фараби ат.ҚазҰУ, журналистика факультеті,
деканның оқу-әдістемелік жөніндегі
орынбасары, PhD
Басқа жаңалықтар