- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Seba Health студенттік стартапы ҚазҰУ-да өткен жобалар байқауында үшінші орын алды»
«Seba Health студенттік стартапы ҚазҰУ-да өткен жобалар байқауында үшінші орын алды»
2026 жылғы 11 сәуір күні, Ғылым күні қарсаңында, студенттік стартап-инкубаторлар қатысушыларының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл шара университеттің академиялық және инновациялық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды деуге болады. Аталған іс-шара аясында әртүрлі білім беру бағыттары бойынша студенттер әзірлеген перспективалы жобалардың қорытындылары шығарылды. Әсіресе, қоғамдағы өзекті әлеуметтік және медициналық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.

Екінші курс студенті Нафиз Моккерам әзірлеген Seba Health стартап-жобасы жүлделі үшінші орынды иеленіп, 75 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Жобаның ғылыми жетекшісі – іргелі медицина кафедрасының аға оқытушысы Аканова Гулсара Жакашовна. Оның ғылыми жетекшілігі жобаның тұжырымдамасын қалыптастыру мен табысты жүзеге асуына зор үлес қосты.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңге факультет бойынша барлығы 66 жоба қатысып, бұл студенттердің инновациялық қызметке жоғары қызығушылығын көрсетті. Сарапшылардың іріктеу нәтижесінде тек 22 жоба екінші кезеңге өтті. Екінші кезең питчинг форматында ұйымдастырылып, қатысушылар өз жобаларын қазылар алқасына таныстырды. Нафиз Моккерам өз жобасын жоғары деңгейде ұсынып, негізгі идеяларын нақты әрі дәлелді түрде жеткізе білді, сондай-ақ сарапшылардың сұрақтарына сенімді жауап берді. Нәтижесінде жоба лайықты түрде үшінші орынға ие болды.


11-сәуір күні команда өз жобасын «Фараби Форум» аясындағы көрмеде де таныстырды. Бұл жобаға ғылыми және кәсіби қауымдастық тарапынан қосымша қызығушылық тудыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 17 сәуір күні стартаптың ірі IT-компаниялар қатысатын Digital Farabi көрмесіне қатысуы жоспарланып отыр. Бұл – жоба үшін жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және әрі қарай дамуға үлкен мүмкіндік.

Seba Health – цифрлық технологияларды қолдану арқылы қан донорларын іздеу процесін оңтайландыруға бағытталған медициналық стартап. Қосымшаның негізгі қызметі – қан тобы мен басқа да көрсеткіштер бойынша сәйкес донорларды жылдам әрі тиімді анықтау. Жүйеге пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беретін және қажетті донорды табуға көмектесетін жасанды интеллектке негізделген бот енгізілген. Потенциалды донорлар алдымен қосымшада тіркеліп, кейін қан орталықтарына анализ тапсыруға жіберіледі. Медициналық талаптарға сай келген жағдайда ғана олар донорлар базасына енгізіледі.
Осылайша, жоба маңызды әлеуметтік мәселені – донорларды жедел табу мен донорлық көмектің қолжетімділігін арттыруды шешуге бағытталған. Болашақта бұл платформа медицина жоғары оқу орындарының студенттеріне әлеуметтік қызметкер ретінде жұмыс табуға мүмкіндік беріп, оның функционалдық аясын кеңейтіп, әлеуметтік маңыздылығын арттыра түседі.
Басқа жаңалықтар