Ғылым күніне орай ҚазҰУ-да профессор Н.К. Аралбаймен маңызды кездесу өтті — ҚазҰУ

Ғылым күніне орай ҚазҰУ-да профессор Н.К. Аралбаймен маңызды кездесу өтті

14 сәуір 2026
Ғылым күніне орай ҚазҰУ-да профессор Н.К. Аралбаймен маңызды кездесу өтті

Қазақстанның ғылыми қауымдастығын кәсіби мерекесі — Ғылым қызметкерлері күні — қарсаңында 2026 жылдың 14 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінде маңызды кездесу Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент ұйымдастыруымен өтті.

Кездесуге Ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау басқармасының басшысы, PhD, доцент Л.А. Куанова және Биология және биотехнология факультетінің деканы, PhD, доцент М.Х. Нармуратова және Ботаника және агроэкология кафедрасының ұжымы мен жас ғалымдары қатысты.

Кездесудің құрметті қонағы — биология ғылымдарының докторы, профессор Аралбай Нұғман Күлдербекұлы болды. Іс-шара университеттің Биология және биотехнология факультетіндегі «Цитоматрица» дәрісханасында ұйымдастырылды.

Профессор Н.К.Аралбайдың негізгі ғылым-зерттеулері ботаника, флористика, флорогенетика, этноботаника, география, экология және табиғат қорғау мәселеріне арналған.

Ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау басқармасының басшысы, PhD, доцент Л.А. Куанова профессор Н.К. Аралбайды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры атынан 90 жылдыққа арналған «әл-Фараби Алтын» медалімен марапаттады.

Профессор Н.К. Аралбай «Қазақстан флорасы» академиялық энциклопедиясы – Қазақстан ғылымының ұлттық мазмұнын дамытудағы ботаникалық негіз, қазақ тіліндегі фитолингвистиканың және жасанды интеллект жүйелерін қалыптастырудың іргетасы («Асыл ағаш, асыл шөп» сериясы мысалында) тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды.

2017 жылы Қазақстан ғылымдарымен  «ӨСІМДІК – СУ», «ӨСІМДІК – ЖЕР», «ӨСІМДІК – АУА»,  «ӨСІМДІК БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК» ғылыми-әдіснамалық константалық тандем концепциясы тұжырымдалған. Осы концепция бойынша атмосферадағы, гидросферадағы, геосферадағы түйдектелген мәселелерді және олармен тығыз байланысты экологиялық және биологиялық қауіпсіздік мәселесін де  ӨСІМДІКСІЗ шешу мүмкін емес.

Сондықтан, 2025 жылдың 2-4 сәуір күндері «Қазақ тілі – ғылым тілі» 2-симпозиумында таныстырылған 16-томдық «Асыл ағаш, асыл шөп» танымдық энциклопедиясының маңызы өте үлкен деп танылды. Сонымен қатар, Қазақстанның географиялық атласы сияқты тарихи оқиға деген пікір білдірілді. Түркі әлемінде ана тіліндегі алғашқы ботаникалық энциклопедиялық-құрал болып табылды деген ой да айтылды.

Дәріс барысында ғалым отандық ботаника ғылымының даму бағыттары, ұлттық ғылыми контентті қалыптастырудағы өсімдіктер әлемінің маңызы, сондай-ақ қазақ тіліндегі ғылыми терминологияны жүйелеу мен оны заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыру мәселелеріне тоқталды.

Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жас ғалымдар көкейдегі сұрақтарын қойып, құнды жауаптар алды. Іс-шара ғылым мен білімнің сабақтастығын нығайтуға және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына серпін берді.

 

 

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы