Батареяларды қайта өңдеуден жаңа материалдарға дейін: «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» секциясының қорытындылары — ҚазҰУ

Батареяларды қайта өңдеуден жаңа материалдарға дейін: «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» секциясының қорытындылары

8 сәуір 2026
Батареяларды қайта өңдеуден жаңа материалдарға дейін: «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» секциясының қорытындылары

2026 жылғы 7–8 сәуір күндері «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы аясында №5 «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» секциясының жұмысы сәтті өтті. Секция отырысында экология, табиғатты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелеріне арналған барлығы 28 ғылыми баяндама тыңдалды.

Секция жұмысына бакалавриаттың 2-4 курс студенттері қатысып, білім беру деңгейлерінің кең ауқымын және ғылыми қызығушылықтарының әртүрлілігін көрсетті. Қатысушылар өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, жоғары дайындық деңгейі мен ғылыми қызметке белсенді қызығушылық танытты.

Конференция халықаралық деңгейде өтті: секция жұмысына университетіміздің студенттерімен қатар Өзбекстан Республикасының жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның басқа да университеттерінің студенттері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің және Шәкәрім университетінің өкілдері қатысты.

Секция жұмысына химия ғылымдарының кандидаты, доцент Злобина Е.В. (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, химия және химиялық технология факультеті) жетекшілік етті. Ұйымдастырушылық жұмыстарды хатшы - оқытушы Джуманова Р.Ж. атқарды.

Секция отырысының қорытындысы бойынша үздік ғылыми баяндамалар анықталды. Бірінші орын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, химия және химиялық технология факультетінің 4 курс студенті Елагина Анастасия Алексеевнаға берілді. Екінші орындарды Танаш Алтынай Сакенкызы (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) және Шамсутдинова Мадина Ринатовна (Ташкент фармацефтикалық университеті), Үшінші орындарды Жақсыбек Сымбат (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Султанмахмут Байдыбек Мухамедкасымулы (ҚБТУ) және Қиарстанова Нұрай Бейбітқызы (Шәкәрім университеті) иеленді.

Ұсынылған зерттеулердің тақырыптары қазіргі химия мен химиялық технологияның өзекті бағыттарының кең ауқымын қамтыды. Баяндамаларда жаңа материалдарды, биополимерлер мен координациялық қосылыстарды синтездеу және олардың қасиеттерін зерттеу, экологиялық қауіпсіз коррозия ингибиторларын әзірлеу, сондай-ақ электрохимиялық үдерістер мен қайталама шикізатты өңдеудің заманауи әдістері қарастырылды. Ерекше назар биополимерлерді қолдана отырып темір нанобөлшектерін алуға, қағаз қалдықтарын сұйылту үдерістерін зерттеуге, металдарды қорғауға арналған жабындар жасауға, мырыштың координациялық қосылыстарын синтездеуге және химиялық технологияда электрохимиялық әдістерді қолдануға аударылды. Сонымен қатар, бірқатар жұмыстар пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге және олардан никель, кобальт пен марганец сияқты құнды металдарды бөліп алуға арналды. Бұл зерттеулер ресурстарды үнемдеу мен тұрақты даму мәселелеріне қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

 

Автор: PhD Джуманова Р.Ж.