Суперкомпьютер базасында ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 11 қыркүйекте Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға суперкомпьютер әкелу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Кейін, 2024 жылғы 3 шілдеде Си Цзиньпинның Қазақстанға сапары барысында жүргізілген жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде Qingdao Aucma Import & Export Co компаниясы тарапынан суперкомпьютерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жеткізу туралы шешім қабылданды.
Бүгінгі таңда аталған суперкомпьютер университет базасында толық іске қосылып, Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кешендерінің бірі ретінде ғылыми-зерттеу қызметіне пайдалануға берілді.
Осыған орай, суперкомпьютердің мүмкіндіктерімен танысу мақсатында Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының және «Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-нің қызметкерлері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы іссапармен келді. Кездесу барысында мамандарға жоғары өнімді есептеу жүйесінің техникалық сипаттамалары, ғылыми есептеулер жүргізудегі мүмкіндіктері және табиғи-техногендік қауіп-қатерлерді модельдеу мен болжауда қолдану бағыттары таныстырылды.
Кездесу нәтижесінде тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, деректер алмасу және төтенше жағдайлардың алдын алу мен мониторинг жүргізу саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Басқа жаңалықтар