Лицейден үлкен ғылымға — ҚазҰУ

Лицейден үлкен ғылымға

29 сәуір 2026
Лицейден үлкен ғылымға

29 сәуір күні Алматы қаласының №92 мамандандырылған мектеп-лицейінде «Лицейден үлкен ғылымға» атты ғылыми-танымдық іс-шара өтті. Бұл шараға физика-техникалық факультеті плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының оқытушылары профессор, ф.-м.ғ.к. Досболаев М.Қ., ф.-м.ғ.к., асс.-профессор Габдуллина Г.Л., кафедра меңгерушісінің орынбасары, PhD Кенжебекова А.И., PhD Жумадилов Р. және жоғары сынып оқушылары қатысты.  Іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылығын арттыру, оларды заманауи ғылыми бағыттармен таныстыру және жоғары білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктер туралы ақпарат беру болды. Іс-шараны лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол мұндай кездесулердің оқушылардың болашақ кәсіби бағдарын анықтаудағы маңыздылығын атап өтті.

Келесі бөлімде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлары мен жас ғалымдары таныстырылып, олардың ғылыми-зерттеу бағыттары туралы мәлімет берілді. Қонақтар плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік модельдеу салаларындағы өзекті мәселелер мен соңғы жетістіктерге тоқталып, физика ғылымының бүгінгі қоғамдағы рөлін кеңінен түсіндірді. Оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктері және оқу процесінің ерекшеліктері туралы толық ақпарат ұсынылды.

 

Кездесудің маңызды бөлігі – оқушылардың ғылыми жобаларын таныстыру болды. Жас зерттеушілер «Смарт каска», «Ақылды жылыжай» жобаларын таныстырып, ғылыми нәтижелерімен бөлісті. Ғалымдар тарапынан берілген пікірлер мен ұсыныстар оқушылардың зерттеу дағдыларын жетілдіруге ықпал етті.

Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының ішінде 4-мақсат (Сапалы білім) және 17-мақсат (Әріптестік үшін серіктестік) бағыттарына сәйкес келеді. Мұндай кездесулер білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, жас ұрпақтың ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.