Әлеуметтік саладағы халықаралық әріптестік тереңдейді — ҚазҰУ

Әлеуметтік саладағы халықаралық әріптестік тереңдейді

4 мамыр 2026
Әлеуметтік саладағы халықаралық әріптестік тереңдейді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Әлеуметтік жұмыс іс-әрекетте: Орталық Азияда тұрақты дамуды ілгерілетудің пәнаралық және жаһандық стратегиялары» конференциясына арнайы келген шетелдік қонақтарды қабылдады.

Құрметті қонақтар қатарында  Гонконг политехникалық университетінің профессоры Эрик Чуи Винг-хонг, Оңтүстік Африкадағы Халықаралық әлеуметтік жұмыс мектептері қауымдастығының профессоры Антуанетта Ломбард, Колумбия университетінің профессоры Виктория Фрай, Бейжің университетінің ғалымы Дэн Суо және Канададағы Калгари университетінің зерттеушісі Кристин Уолш бар.

Оқу ордасының басшысы ҚазҰУ базасында өткен ауқымды іс-шараға арнайы қатысқандары үшін шетелдік ғалымдарға ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-дың халықаралық аренадағы орны мен рөліне тоқталып, ғалымдар арасындағы әріптестік байланысты нығайту бойынша ұсынысын ортаға салды.

«Конференция жұмысы әр мемлекеттен келген зерттеуші-ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды. Сондықтан болашақта бірлескен жұмыс жоспарын құрып, ортақ ғылыми жобаларды іске асыруымыз қажет. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті бұған толықтай мүмкіндік береді. Сонымен қатар сіздермен бірге университетте әлеуметтік бағытта орталық ашуды ұсынамын», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев шетелдік ғалымдарды өз салалары бойынша ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқуға шақырды.

Өз кезегінде шетелдік қонақтар көрсетілген ілтипат үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына алғыс білдіріп, конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ғалымдар ҚазҰУ-мен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жаһандық бастамаларды бірлесіп орындауға дайын екендіктерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі