«Әскери борыштың заңдық негіздері»
Отан қорғаушылыр күні қарсаңында №6 Студенттер үйінде тұратын механика-математика факультеті студенттерімен Орнықты даму мақсаттарының (Times Higher Education Impact RANKINGS, ЦУР) 4-ші және 17 пункттері аясында танымдық әңгіме-дүкен құрдық.
Отан алдындағы әскери борышты өтеу – ер жігіттің парызы. Осы парыздан жалтарып, әскерге барудан қашатын азаматтар аз емес. Соның салдарынан жастарды көшеден ұстап әкететін жағдайлар көбейді. Әскери міндетке жігіттерді еркінен тыс ұстап әкету қаншалықты заңды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз» – деген болатын. Президент өз сөзінде жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнатудың жөні жоқтығын, қандай жағдайда болсын, заң мен тәртіпке бағынудың ізгілендіріп, демократияның тірегі болар құқықтық мемлекет құру керегін меңзеп отыр.
Ата заңымыздың 36-бабында мемлекетімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті екені, олар заңда белгіленген тәртіп бойынша әскери парызын өтейтіні анық жазылған. Әскерге шақырту тәртібі «Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен реттелген. Ол заңда да Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті азаматтарды күштеп әскери комиссариатқа апару туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ әскери қызметке дайындықтан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 650-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесіледі. Ал осы бабты бірнеше мәрте бұзған азаматтар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Әскери борышын өтегендерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді: Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар еліміздің 70-тен аса жоғары оқу орнында университет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олар 4 талаптан тұратын іріктеуден өту арқылы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жинаған балдары есепке алынбай-ақ оқуға қабылданады. Ал іріктеуден өтпей қалғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы бөлімде оқи алады. Мұның сыртында әскер сапында жүрген сарбаздарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несиелерге «демалыс беру» атты бағдарламасы қарастырылған. Яғни, міндетін өтеп жүрген сарбаздың несиесі 13 айға тоқтайды. 12 ай әскери борышын өтеу мерзімі болса, қосымша 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі. Сол сияқты төмен пайызбен кредит беру немесе үй алу мүмкіндігі секілді қолдаулар барда, әр жас әскерге баруға құлшынып тұруы керек еді.
Журналистерге берген жауабында Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерге шақыру тәртібіне өзгерістер енетінін, болашақта әскерге шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы келуі мүмкін екенін, азаматтар ақпараттың шынайылығын eGov кабинетіне кіріп тексере алатынын, қазір тиісті заң жобасы әзірленіп жатқанын айтып, заң қабылданғаннан кейін жастарды көшеден күштеп әкету секілді жағдайлар болмайтынын, егер азамат шақыртуды елемеген жағдайда, Әкімшілік кодекс аясында жазаға тартылатынын еске салды.
Шара барысында қарулы күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін келісімшарт негізінда резервте әскери қызмет өткеру туралы да түсіндірілді. Оның әскери қызметті өмірлік мамандық ретінде таңдауға, жұмыссыз жүрген ауыл азаматтарының кәсіби дамуына жол ашатын маңызды қадам, Отанға қызмет етеміз деген жастар үшін үлкен мүмкіндік екені айтылды.


Болат ӘБЕНОВ, деканның әлеуметтік-тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары, ЕҒжС кафедрасының аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар