🐅 Қазақстанға жолбарысты қайта жерсіндіру – табиғатты қалпына келтірудегі маңызды қадам — ҚазҰУ

🐅 Қазақстанға жолбарысты қайта жерсіндіру – табиғатты қалпына келтірудегі маңызды қадам

4 мамыр 2026
🐅 Қазақстанға жолбарысты қайта жерсіндіру – табиғатты қалпына келтірудегі маңызды қадам

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ботаника және агроэкология» және «Зоология, гистология және цитология» кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттарына арналған танымдық-экологиялық дәріс ұйымдастырылды.

Дәрісті «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының «Экологиялық ағарту, рекреация және туризм» бөлімі мамандары өткізіп, қатысушыларға «Қазақстанға жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы» туралы кеңінен ақпарат берді.

Іс-шара барысында жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндірудің ғылыми, экологиялық және табиғатты қорғаудағы маңызы жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, Іле-Балқаш өңірінің табиғи-климаттық ерекшеліктері, тоғайлы экожүйелердің қазіргі жағдайы, биоалуантүрлілікті сақтау шаралары, жабайы жануарлар мекендеу ортасын қалпына келтіру жұмыстары және экожүйелік тепе-теңдікті нығайту бағытындағы іс-шаралар туралы мазмұнды мәліметтер берілді.

Дәріс барысында мамандар жолбарыстың Қазақстан аумағында тарихи тұрғыдан мекендегенін, оның жойылып кету себептерін және қазіргі таңда бұл түрді қайта жерсіндіру үшін жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ жоба аясында тоғай ормандарын қалпына келтіру, тұяқты жануарлар санын арттыру, табиғи қорек базасын қалыптастыру, жергілікті экожүйені қорғау және халық арасында экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері қозғалды.

Профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар дәріс тақырыбына үлкен қызығушылық танытып, жолбарысты қайта жерсіндірудің ғылыми негіздері, экожүйеге ықпалы, табиғи ортаға бейімделу үдерістері және болашақтағы зерттеу бағыттары бойынша сұрақтар қойды. Іс-шара соңында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, екі мекеме арасындағы ғылыми-танымдық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Мұндай кездесулер жас ғалымдар мен білім алушылардың табиғатты қорғау саласындағы білімін кеңейтіп қана қоймай, еліміздегі сирек және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру және экологиялық жауапкершілікті арттыру бағытындағы маңызды бастамаларға қызығушылығын күшейтеді.

🌿 Қазақстан табиғатын сақтау – ортақ міндет. Ал жолбарысты тарихи мекеніне қайта оралту – табиғи мұраны жаңғырту жолындағы маңызды қадам.

 

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы