Қытайтану кафедрасының түлегі халықаралық деңгейдегі зор марапат иесі атанды — ҚазҰУ

Қытайтану кафедрасының түлегі халықаралық деңгейдегі зор марапат иесі атанды

20 мамыр 2026
Қытайтану кафедрасының түлегі халықаралық деңгейдегі зор марапат иесі атанды

     2026 жылдың 19 мамыр күні Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев КХР Сыртқы істер министрі Ван Идің қолынан «Үздік шетел елшісі» («Үздік дипломат» — 杰出外交使者奖章) атты ең жоғары марапатты иеленді.

     Тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл салтанатты марапаттау рәсімі КХР СІМ баспасөз орталығында өтті. Жоғары марапат қазақстандық дипломаттың екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесін мойындау белгісі ретінде табыс етілді. Шахрат Нұрышев ресми Бейжің тарапынан қызметі ең жоғары бағаланған, әлем елдерінің қазіргі және бұрынғы 8 дипломатиялық миссия басшыларының қатарына енді.

     Бұл айтулы оқиға — тек қана Қытайтану кафедрасының, Шығыстану факультетінің немесе Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғана емес, сонымен бірге Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы беделі мен отандық дипломатиялық қызметтің халықаралық аренадағы зор жетістігінің айқын көрінісі.

      Шахрат Шәкірізатұлы — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының мақтанышы әрі дарынды түлегі. Сонау 1989 жылы ҚазМУ-дың шығыстану факультетінің табалдырығын аттаған мектеп түлегі, өзінің табиғи дарыны мен маңдай терінің арқасында Қазақстан дипломатиясының биік шыңына көтерілді.

       Еңбек жолын қарапайым дипломатиялық қызметтен бастап, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, СІМ бірінші орынбасары деңгейіне дейінгі асқар белдерді бағындыру — отандық синология мектебі мен заманауи шығыстану ғылымы үшін үлкен мәртебе.

       Қытайтану кафедрасының ұжымы мен студенттер қауымы Шахрат Шәкірізатұлын осынау халықаралық деңгейдегі жоғары марапатымен шын жүректен құттықтайды!

Өз түлегіміздің әлемдік аренадағы мұндай биік белесін мақтаныш тұта отырып, ол кісіге осындай жауапты қызметте тек қана биіктен көрініп, ел игілігі мен мемлекет мүддесі үшін шаршамай еңбек ете берсін деп тілейміз. Алдағы аса жауапты қызметіңізге толағай табыстар, отбасыңызға бақ-береке мен сарқылмас қуат тілейміз!

Біздің түлектер — біздің мақтанышымыз!