ҚазҰУ мен Түркі мұрасы қорының бірлескен жобасы жарық көрді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚР Ұлттық кітапханасында өткен іргелі ғылыми басылымдардың салтанатты тұсаукесеріне қатысты. Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен өткен бұл шара І Баку түркология құрылтайының 100 жылдық мерейтойына арналды.
Салтанатты рәсімде таныстырылған маңызды жоба – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті менТүркі мәдениеті және мұрасы қоры бірлесіп әзірлеген «1926/2026: Бірінші Баку түркология құрылтайының 100 жылдығы» атты хроникалық жинақ. Әзірбайжан Ұлттық тарих музейі мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві қорларындағы тарихи құжаттар негізінде дайындалған жинаққа ресми хаттамалар, сирек фотосуреттер, ғылыми баяндамалар және сол кезеңдегі баспасөз материалдары енгізілген.

Жиында сонымен қатар екінші ғылыми еңбек –«Бірінші түркологиялық съезд» атты монография жұртшылыққа таныстырылды. Монография Әзірбайжандағы Ататүрік орталығының директоры, академик Низами Жафаров пен белгілі ғалымдар Махира Гусейнова және Айсель Гариблидің авторлығымен жарық көрді. Кітапта 1926 жылғы Баку құрылтайының тарихи миссиясы, түркі халықтарының мәдени-ғылыми дамуына қосқан айрықша үлесі, этнография, орфография, терминология, әліпби, тіл және әдебиет мәселелері жан-жақты талданған.


Шарада сөз алған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова таныстырылған басылымдардың ортақ тарихи жадты жаңғыртып, ғылыми мұраны келер ұрпаққа рухани қазына ретінде жеткізудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар жоба авторларының бірі – көрнекті түрколог, академик Низами Жафаровтың шараға арнайы қатысуы кездесудің ғылыми әрі рухани маңызын одан әрі арттырғанын жеткізді.

Сондай-ақ алқалы басқосуда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ғылым академиясы Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры Жаббар Эшонқұлов, Анкарадағы Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры Мехмет Чевик және өзге де отандық, халықаралық деңгейдегі танымал спикерлер баяндама жасап, жаңа еңбектерге жоғары баға берді.

Спикерлер бұл жобалардың түркология ғылымын жаңа белеске көтерудегі және түркі әлемінің рухани тұтастығын нығайтудағы айрықша рөлін бірауыздан атап өтті. Жаңа басылымдар ғалымдар мен студенттер, сондай-ақ тарих пен тіл біліміне қызығушылық танытатын кең ауқымды оқырман қауым үшін таптырмас құрал болмақ.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар