«Баршаға арналған құқықтық сауаттылық»
«Заң және тәртіп» жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтымен бірлесіп, 50 жастан асқан азаматтарға арналған «Баршаға арналған құқықтық сауаттылық» атты тегін курсты жүзеге асыруда.
Курстың мақсаты – аға буын өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік хабардарлығын дамыту және күнделікті өмірде заңнаманы қолданудың практикалық дағдыларын қалыптастыру.
Сабақтар барысында келесі өзекті мәселелер қарастырылады:
▪️ азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттері;
▪️ әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамсыздандыру;
▪️ тұрғын үй және коммуналдық мәселелер;
▪️ тұтынушылар құқықтарын қорғау;
▪️ отбасылық, еңбек және мұрагерлік құқықтық қатынастар;
▪️ мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі;
▪️ қаржылық сауаттылық негіздері және алаяқтықтың алдын алу.
Курс аясында практикалық дайындыққа ерекше назар аударылады. Тыңдаушылар өтініштер, арыздар мен шағымдар дайындауды, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануды, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін меңгереді.
Курсты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Сагалбаева Р. Е. жүргізеді.
Жоба аға буын өкілдерінің құқықтық мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік белсенділігін арттыруға және қазіргі құқықтық әрі цифрлық ортада сенімді бағдарлану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Басқа жаңалықтар