ҚазҰУ Азия университеттері қауымдастығын басқарады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазанда өткен Азия университеттері қауымдастығының VII съезіне қатысып, баяндама жасады. Азия және Еуразия кеңістігіндегі 8 мемлекеттің 100-ден астам жетекші университетін біріктіретін бұл халықаралық академиялық ұйымның жиынында ауқымды мәселелер талқыланды.

Айтулы шараға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия, Армения және Ресей елінен шамамен 60-қа жуық жоғары оқу орнының өкілдері офлайн және онлайн форматта қатысты. Қатысушылар білім беруді цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын дамыту және жоғары технологиялар саласына қажетті білікті кадрларды даярлау мәселесін саралады.

Съездің маңызды жаңалықтарының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев Азия университеттері қауымдастығының 2026-2028 жылдардағы жаңа президенті болып сайланды.
Өз сөзінде оқу ордасының басшысы халықаралық әріптестеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бұл міндетті үлкен жауапкершілік деп санайтынын жеткізді. Өз басшылығы кезінде қауымдастық аясындағы бірлескен ғылыми жобаларды, білім беру бағдарламаларын және халықаралық іс-шараларды белсенді жалғастыратынын атап өтті.

Жиын барысында РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский бейнеүндеу жолдап, қатысушыларды құттықтады.

Пленарлық отырыста ұйымның 2024-2026 жылдардағы президенті, Қазан федералды университетінің ректоры Ленар Сафин сөз сөйлеп, Азия өңіріндегі білім мен ғылым интеграциясы мүше елдердің ұлттық дамуымен тығыз байланысты екенін айтты. Ал Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Бочаров Қазан федералды университетінің қауымдастықты цифрландыру мен жасанды интеллект бағытына бұруға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Съезд соңында ұйымның екіжылдық қызметі қорытындыланып, қатарға жаңа мүшелер қабылданды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық даму бағыттары бекітілді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар