Қытай университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылады — ҚазҰУ

Қытай университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылады

10 маусым 2026
Қытай университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми сапармен Цзянсу сәулет технологиялары университетінің делегациясы келді. 

Құрметті қонақтармен ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева кездесу өткізді. Проректор оқу ордасының  өңірдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде Қытайдың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен жүйелі түрде ынтымақтастық орнатып келе жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары бірқатар серпінді жобалар іске қосылды. Қытай ұлттық ядролық корпорациясымен (CNNC) және Харбин инженерлік университетімен стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы, Суперкомпьютер кластері және Huibo Robotics робототехника орталығы қарқынды дамып келеді.

Сөз соңында Алина Құлбайқызы JSUAT университетімен әріптестікті дамытуға дайын екенін білдіріп, бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде модульдік және қосдипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру, сәулет, құрылыс және тұрақты даму салаларында ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ инженерия мен урбанистика бағыттарында бірлескен зертханалар мен инновациялық орталықтар құру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. 

Цзянсу сәулет технологиялары университеті комитетінің хатшысы Чжу Дунфэн JSUAT қызметі туралы баяндап, оқу орнының Қытайдағы интеллектуалды құрылыс саласының көшбасшысы екенін атап өтті. Университет сәулеттік жобалау, интеллектуалды өндіріс және көлік инженериясы бағыттарына маманданған, ұлттық үлгілі жоғары оқу орны мәртебесіне ие және беделді «Double High Plan» жобасына қатысады. Делегация жетекшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп цифрлық индустрия үшін мамандар даярлау ісінде зор әлеует бар екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар электротехника, сәулет, дизайн және жасанды интеллект салаларында бірлескен қосдипломдық және ғылыми-білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарын бекітті. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі