ҚазҰУ түркологтары архившілер конгресінде ұсыныстарын ортаға салды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Астана қаласындағы «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығында өтіп жатқан Digital Archive – EXPO III архившілер конгресіне қатысуда. Конгресті Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырып отыр.
Үш күнге жоспарланған шарада Жапонияның Ұлттық архиві, Қытайдың Архив басқармасы, FamilySearch International (АҚШ), Ұлыбританияның Ұлттық архиві, сондай-ақ Сингапур, Польша, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа да елдердің өкілдері жиналды.

ҚазҰУ-дағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шаймерденова ЮНЕСКО-ның «Жасанды интеллект: «Әлем жады» халықаралық тізіліміне ықпалы» атты семинары аясында «Цифрлық дәуірдегі архивтік картотекаларды пайдалану арқылы жазба дереккөздерді тарихи-лингвистикалық зерттеу» тақырыбында баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, PhD Шынарай Бүркітбаева «Digital Archive: заманауи дискурстар» сессиясына қатысып, «Сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыру: ұлттық мұраны мәдениетаралық ықпалдастыру» тақырыбында сөз сөйледі.

Түркітану және алтайтану ҒЗИ аға ғылыми қызметкері, Astana IT University ассистент-профессоры Джемма Аманжолова «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстан түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге дейін» (2023-2026 жж.) жобасы аясында әзірленіп жатқан Виртуалды музей бойынша атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелерін таныстырды.

Бүгінде Қазақстан әлемдік үрдістерге ілесіп қана қоймай, гуманитарлық ғылымдар мен IT саласының тоғысындағы өзіндік күн тәртібін қалыптастыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филологтарының мұндай халықаралық конгреске қатысуы тарихи жадыны сақтаудың терең лингвистикалық талдау мен заманауи технологияларсыз мүмкін еместігін дәлелдейді.
Digital Archive – EXPO III архившілер конгресі мәдени мұра саласында жұмыс істейтін мамандар алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңға айналды. Қатысушылар «ұлттық жадыны сақтау цифрлық трансформациясыз мүмкін емес» деген ортақ қорытындыға келді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар