Шетелдік серіктестер ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытты — ҚазҰУ

Шетелдік серіктестер ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытты

10 маусым 2026
Шетелдік серіктестер ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытты

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс сапары барысында Цзянсу провинциясы Білім департаментінің бас директоры Цзян Юн және Сучжоу университетінің президенті Чжан Цяо бастаған делегация оқу ордасының ғылыми әлеуетімен танысты.

   Құрметті қонақтар университет базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханаларды аралап, ғалымдардың инновациялық жобаларын тамашалады.

       Делегация құрамында Цзянсу технологиялар университетінің партиялық комитет хатшысы Цуй Цзингуй, Нанкин өнеркәсіп және технологиялар кәсіби университетінің партиялық комитет хатшысы Се Юнхуа, Цзянсу провинциясы Білім департаментінің халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасы директоры Ши Юнюй, Сучжоу университетінің Халықаралық кеңсесі директорының орынбасары Чжу Цзя, Huibo Robotics компаниясының бас директоры Ван Чжэньхуан бар. 

Делегация мүшелері Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында болды. Farabi Hub университеттер және ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен әріптестік байланыс орнатады. Мұнда бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленеді. Қытайлық әріптестерге хаб құрамындағы халықаралық компаниялар мен орталықтардың қызметі таныстырылды.

Қонақтарға Германияның KUKA компаниясының роботтары орнатылған және Қытай тарапымен бірлесіп ашылған робототехника орталығы көрсетілді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерлік кластер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Аталған кластер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы келіссөздер нәтижесінде іске қосылған. Жоғары технологиялық құрылғының өнімділігі – 2000 терафлопс. Ол әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді. Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларына негізделген. Оның есептеу қуаты ең заманауи дербес компьютерден шамамен 10 мың есе жоғары.  

Цзянсу провинциясы Білім департаментінің бас директоры Цзян Юн ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымын жоғары бағалап, университет ғалымдарының жұмысына сәттілік тіледі. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі