ҚазҰУ-да 1000-нан астам ең үздік жас математик бақ сынауда — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да 1000-нан астам ең үздік жас математик бақ сынауда

22 маусым 2026
ҚазҰУ-да 1000-нан астам ең үздік жас математик бақ сынауда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мектеп оқушыларына арналған «Олимпиадалық академия» республикалық жобасының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам жас математик қатысуда. Отандық білім мен ғылымның қара шаңырағы – ҚазҰУ базасында ұйымдастырылған бұл дода оқушылар арасындағы жоғары бәсекелестігімен ерекшеленеді.

Республикалық финалға жолдама алу үшін мектеп оқушылары бірнеше кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден өтті. Сайыс өткен жылдың күзінде басталып, қатысушылар тоғыз ай бойы жүйелі түрде дайындықтан өткен. Жыл ішінде ұйымдастырылған өңірлік жарыстардың қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен дарындар Алматыдағы бас кезеңде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек олимпиадаларға дайындаумен ғана шектелмейді. Оның негізгі міндеті – балалардың математикалық мәдениетін қалыптастыру, логикалық ойлау қабілетін дамыту және ғылым мен технологияға деген қызығушылығын ерте жастан қолдау. 

Шара барысында «Zerdeli-Group» басшылығы еліміздің жетекші жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жобаға көрсеткен жоғары деңгейдегі қолдауы мен интеллектуалды орта қалыптастыруға қосқан үлесі үшін арнайы ризашылығын білдірді. 

Жарыс қорытындысы бойынша жекелей сайыста озық шыққан оқушылар соңғы үлгідегі iPhone секілді бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар финалға шәкірт дайындаған мұғалімдер мен жетекшілер де өзара сынға түсіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетуде.

Сала мамандары елдің цифрлық және технологиялық болашағын дамыту үшін математиканы төменгі сыныптан бастап сапалы оқыту мен осындай ауқымды білім беру жобаларын қолдаудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі