- Басты бет
- Жаңалықтар
- «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ҚАЗҰУ-ДА БИОӘРТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ЖАУАПТЫ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ҚАЗҰУ-ДА БИОӘРТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ЖАУАПТЫ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
2026 жылғы 23 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму мәселелеріне арналған «Global Perspectives on Natural Resource Management and Sustainability» атты VII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультеті мен Үндістанның Gochar Educational and Welfare Society (GEWS) ұйымы бірлесіп ұйымдастырған конференция Қазақстан, Үндістан, Малайзия және Германияның ғалымдарын біріктірді. Конференция барысында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, биоәртүрлілікті сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруіне бейімделу және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық агротехнологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Конференция төрағасы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Мейрамкүл Хұдретқызы Нармұратова қызмет атқарды. Техникалық сессаның тең төрағасы ретінде Үндістандағы Гопал Нараян Сингх университетінің Нараян ауыл шаруашылығы ғылымдары институтының профессоры Ашок Кумар (Сасарам қаласы, Бихар штаты) болды.
Конференцияға қатысушыларға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор, профессор Марғұлан Қасенұлы Ибраимов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның тозуы, биоәртүрліліктің азаюы және табиғи ресурстардың сарқылуы сияқты қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері халықаралық ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруді және пәнаралық зерттеулерді дамытуды талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретіндегі рөліне және университеттің Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосып отырған үлесіне ерекше назар аударды.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы пленарлық отырысты, офлайн техникалық сессаны және халықаралық онлайн-секцияны қамтыды. Жалпы саны 44 ғылыми баяндама ұсынылып, тұрақты ауыл шаруашылығы, климаттың өзгеруі, экологиялық генетика, биоәртүрлілікті қорғау, су ресурстарын басқару, экологиялық мониторинг, циркулярлық экономика, ESG қағидаттары, жасыл қаржыландыру, жасанды интеллект және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі цифрлық технологиялар мәселелері қарастырылды.
Пленарлық отырыстың негізгі баяндамасын Universiti Tunku Abdul Rahman (UTAR) (Малайзия) университетінің профессоры Гүлназия Исабаева жасап, циркулярлық экономикаға көшу жағдайында экологиялық білім беру мен қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін ықпалдастыру мәселелеріне тоқталды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультеті ғалымдарының зерттеулері тудырды. Профессор Айтхажа Биғалиев антропогендік ластанудың қоршаған орта мен халық денсаулығына әсерін экологиялық және генетикалық тұрғыдан бағалау нәтижелерін ұсынды.
Профессор Зауре Ғайнетдинқызы Айташева «India and Kazakhstan: Prerequisites of Scientific and Logistical Cooperation on Leguminous Crops» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан мен Үндістан арасындағы бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру саласындағы ғылыми және логистикалық ынтымақтастықтың перспективаларын таныстырды. Баяндамада жасымық, ноқат, асбұршақ, үрме бұршақ және соя сияқты дақылдар бойынша бірлескен зерттеулерді дамыту, селекциялық ресурстармен, технологиялармен және ғылыми әзірлемелермен алмасу мүмкіндіктері қарастырылды. Екі елдің ғылыми әлеуетін біріктіру агроэкожүйелердің өнімділігін арттыруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететіні атап өтілді.
Профессор Зарема Маратқызы Бияшева альфа-сәулеленудің Drosophila melanogaster организмінің генетикалық тұрақтылығына әсері жөніндегі зерттеу нәтижелерін ұсынса, профессор Айжан Ізбасарқызы Жүсіпова жоғары білім беру жүйесіне тұрақты даму қағидаттары мен ESG тәсілдерін енгізу мәселелерін баяндады.
Конференция бағдарламасында климаттық тәуекелдер мен тұрақты ауыл шаруашылығына арналған баяндамалар маңызды орын алды. Қатысушылар климаттың ұзақ мерзімді өзгерістері және олардың ауыл шаруашылығына әсері, климат өзгерісінің салдарын азайтуға арналған табиғатқа негізделген шешімдер, топырақ құнарлылығын сақтау, су ресурстарын басқару және экожүйелерді қорғау мәселелерін талқылады.
Онлайн-секция конференцияның географиясын кеңейтіп, жасыл қаржыландыру, ESG-инвестициялар, жасанды интеллект, кітапханалық қызметтерді цифрландыру, циркулярлық экономика, ауыл шаруашылығындағы нанотехнологиялар, электрондық қалдықтарды басқару, биоәртүрлілікті сақтау және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы бағытындағы зерттеулерді ұсынуға мүмкіндік берді.
Конференцияның тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Аталған бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғи мұраны сақтауға, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға, қоршаған орта мен табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарын орнықтыруға және тұрақты даму құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған. Конференцияда ұсынылған көптеген ғылыми зерттеулер қоршаған орта мониторингіне, су және жер ресурстарын қорғауға, биоәртүрлілікті сақтауға және экожүйелерге түсетін антропогендік жүктемені азайтуға арналды.
Өткізілген конференция БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға, әсіресе ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 6 «Таза су және санитария», ТДМ 12 «Жауапты тұтыну және өндіру», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», ТДМ 15 «Құрлықтағы экожүйелерді сақтау» және ТДМ 17 «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» бағыттарына елеулі үлес қосты.
Конференция қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту және жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешуге, биоәртүрлілікті сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды іске асырудың басым бағыттары айқындалды.
Конференция университеттің заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен таныстыру мақсатындағы кампус-турмен аяқталды. Шетелдік қонақтар Суперкомпьютер орталығында, Farabi Hub инновациялық орталығында, Farabi Robotics және Huibo Robotics робототехника орталықтарында, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Ми институтында болып, заманауи ғылыми зертханалар мен зерттеу жабдықтарымен танысты.
Материалды дайындаған: генетика және молекулалық биология; биофизика, биомедицина және нейроғылым; биотехнология; зоология, гистология және цитология; ботаника және агроэкология кафедралары.



.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)




Басқа жаңалықтар