- Басты бет
- Жаңалықтар
- Кафедра магистранттарының Қытайдағы халықаралық тағылымдамасы: жаңа көкжиектер мен ынтымақтастық перспективалары
Кафедра магистранттарының Қытайдағы халықаралық тағылымдамасы: жаңа көкжиектер мен ынтымақтастық перспективалары
2026 жылғы 8–17 маусым аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «7M05304-Техникалық физика» және «7M07109-Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламаларының екінші оқу жылындағы магистранттары Қытай Халық Республикасында ғылыми-практикалық тағылымдамадан сәтті өтті. Аталған сапар Чунцин электр энергетикалық колледжінің ресми шақыруы негізінде ұйымдастырылды. Шетелдік серіктестер қатысушылардың білім алу, тұру, жергілікті көлік қатынасы және медициналық сақтандыру шығындарын толық өз мойнына алды (авиабилеттерді қоспағанда). Бағдарламаның басты мақсаты - қуат өндіру, баламалы энергия көздерін пайдалану және өндірістік үдерістерді цифрландыру саласындағы озық әлемдік технологияларды терең меңгеру болып табылады.
Іс-шара шеңберінде оқытушылар мен білім алушылар колледждің 2023 жылы пайдалануға берілген заманауи кампусының мүмкіндіктерімен танысып, мамандандырылған кешендерде практикалық тапсырмаларды орындады:
Жел энергетикасы секторы: ауа ағынын электр тоғына айналдыру стендтерімен жұмыс жасау, сондай-ақ WorldSkills халықаралық кәсіби стандарттары мен инженерлік сайыс регламенттеріне сай жел генераторларын құрастыру, баптау, диагностикалау және техникалық қызмет көрсету бойынша симуляциялық тренингтер;
Сутектік технологиялар зертханасы: «жасыл» экономика аясында сутекті өндіру, қауіпсіз сақтау және тиімді пайдалану әдістерін зерделеу;
Апаттық жағдайларды модельдеу: компьютерлік симуляциялар арқылы станция персоналының шұғыл іс-қимыл алгоритмдерін шыңдау;
Ұшқышсыз ұшу жүйелері (ҰҰА): жоғары вольтты желілер мен инфрақұрылымдық нысандарды қашықтан бақылайтын дрондарды жобалау мен бағдарламалау;
Релелік қорғаныс және автоматтандыру: қосалқы станциялар мен өндірістік тораптарды сандық басқару жүйелерін модельдеу.
Аталған оқу орнындағы білім беру үдерісінің жоғары тиімділігі State Grid Chongqing Electric Power Company және China Huadian Corporation сияқты Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларымен тығыз дуальды байланысқа негізделген, бұл теориялық білімді өндірістік практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысын сараптай келе, магистранттар университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді бастама көтерді. Олар ҚазҰУ базасында процестерді симуляциялайтын оқу-зерттеу стендтерімен жабдықталған арнайы жел энергетикасы зертханасын ашуды ұсынды. Бұл идея Технологиялық құзыреттер жөніндегі салалық орталықтың (ТҚСО) стратегиялық мақсаттарымен толық үндеседі. Орталықтың Жол картасына сәйкес, біліктілікті арттыру курстары, жазғы мектептер ұйымдастыру, микроквалификация бағдарламаларын енгізу және таза энергетика саласы бойынша қос дипломды білім беру жобасын әзірлеу жоспарланған.
Ауқымды халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу КазҰУ-дың білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жас мамандардың инженерлік дағдыларын халықаралық талаптарға сай шыңдауға жол ашады. Жоғары технологиялық зертханалық инфрақұрылымды енгізу заманауи ғылыми зерттеулерді белсенді жүргізуге, отандық энергетика саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға зор серпін береді. Физика-техникалық факультетінің жылуфизика және техникалық физика кафедрасы қытайлық әріптестерге шексіз алғысын білдіреді және белгіленген жоспарлардың табысты орындалуына зор сенім артады!
Басқа жаңалықтар