ҚазҰУ өкілі ASEF-тің ғылыми-техникалық дипломатия жөніндегі халықаралық бағдарламасына қатысушылар қатарына енді — ҚазҰУ

ҚазҰУ өкілі ASEF-тің ғылыми-техникалық дипломатия жөніндегі халықаралық бағдарламасына қатысушылар қатарына енді

22 шілде 2026
ҚазҰУ өкілі ASEF-тің ғылыми-техникалық дипломатия жөніндегі халықаралық бағдарламасына қатысушылар қатарына енді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Физика-техникалық факультеті деканының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD Светлана Леонидовна ПешаяAsia-Europe Foundation (ASEF) қоры ұйымдастыратын, Индонезияның Ұлттық зерттеулер және инновациялар агенттігі (BRIN), Индонезия Республикасының Сыртқы істер министрлігі және бірқатар халықаралық сарапшылық ұйымдар серіктестік ететін Asia-Europe Training on Science and Technology Diplomacy 2026 беделді халықаралық білім беру бағдарламасының қатысушысы атанды.

Бағдарлама Азия мен Еуропадағы жас көшбасшыларға арналған ғылыми-техникалық дипломатияны дамыту бастамасы аясында жүзеге асырылып, ғылым, технология, инновация және халықаралық қатынастар тоғысындағы қызметпен айналысатын жас мамандарды біріктіреді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ғылыми-техникалық ынтымақтастықты халықаралық әріптестікті нығайтудың, инновацияларды ілгерілетудің және жаһандық сын-қатерлерге бірлескен шешімдер әзірлеудің тиімді құралы ретінде қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлау.

2026 жылы бағдарламаға әлемнің ғылыми және дипломатиялық қауымдастығы тарапынан жоғары қызығушылық танытылды. Қатысуға 1200-ден астам өтінім келіп түсіп, көпсатылы халықаралық іріктеу нәтижесінде Азия мен Еуропаның 41 елінен 115 қатысушы таңдалды. Қазақстаннан бағдарламаға бар болғаны екі өкіл қатысуда, олардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілі Светлана Леонидовна Пешая.

Бағдарлама қатысушыларының кәсіби құрамы ерекше назар аудартады. Қатысушылардың 59%-ын ғылым және технологиялар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысатын жас дипломаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері құраса, 41%-ы – университеттердің, ғылыми ұйымдар мен зерттеу орталықтарының халықаралық ғылыми ынтымақтастықты, ғылыми саясатты және инновациялық қызметті дамытуға жауапты басшылары мен ғылыми менеджерлері.

Онлайн-оқыту 2026 жылғы 22 шілде мен 8 қазан аралығында өтеді. Бағдарлама Азия мен Еуропа елдері арасындағы білім мен үздік тәжірибелер алмасуды дамытуға, ғылым және технология саласындағы мәдениетаралық коммуникация дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ болашақ бірлескен халықаралық ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған кәсіби серіктестік желісін қалыптастыруға арналған. Бағдарлама теориялық білім берумен қатар ғылыми-техникалық дипломатия саласында тәжірибелік құзыреттерді дамытуға басымдық береді.

Бағдарламаның салтанатты ашылуы 2026 жылғы 22 шілдеде өтті. Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлегендер қатарында ASEF қоры атқарушы директорының орынбасары Чжан Лэй және Индонезияның Ұлттық зерттеулер және инновациялар агенттігі (BRIN) төрағасының орынбасары, профессор Эди Гири Рахман Путра болды. Еуропалық комиссияның Зерттеулер және инновациялар жөніндегі бас директорының өкілі, доктор Ян Марко Мюллер Еуропалық Одақтағы ғылыми дипломатияның заманауи тәсілдеріне арналған негізгі дәрісті оқыды.

Алты апталық оқу барысында қатысушылар ғылыми дипломатияның теориялық негіздерін, технологиялық дипломатияны, ғылыми коммуникацияны, ғылыми дипломатиядағы болжау және стратегиялық пайымдау әдістерін, мәдениетаралық өзара іс-қимыл ерекшеліктерін, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың тиімді тетіктерін меңгереді. Әрбір тақырыптық апта жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін ашық вебинар мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған интерактивті семинардан тұрады.

ҚазҰУ өкілінің ASEF бағдарламасына қатысуы университеттің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделін одан әрі нығайтуға, Азия және Еуропа елдерінің жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдарымен серіктестікті кеңейтуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға және ғылыми-техникалық дипломатия саласындағы үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында қалыптасатын кәсіби байланыстар мен жинақталған тәжірибе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ғылыми жобаларын дамытуға және оның әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ұстанымын күшейтуге өз үлесін қосады.