- Басты бет
- AL-FARABI NEWS LETTERS
- ҚазҰУ ғалымдары Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмдағы қазақ ескерткіштерін алғаш рет кешенді түрде зерттейді
ҚазҰУ ғалымдары Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмдағы қазақ ескерткіштерін алғаш рет кешенді түрде зерттейді
Қызылқұм — Сырдария мен Амудария аралығындағы ежелгі өркениет ошағы, ғасырлар бойы Орта Азия мемлекеттерін қазақ жері арқылы батыс елдерімен байланыстырған халықаралық көш-керуен жолдары өткен өңір. Дегенмен, далалық зерттеулер барысында шикі кірпіштен, сексеуілден соғылған көптеген қазақ зираттары мен қыстауларының құм басу, құм көшу салдарынан жойылу қаупінде екені анықталды. Бұл ескерткіштердің басым бөлігі Қызылорда немесе Түркістан облыстарының жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енбеген, сол себепті олар қараусыз қалып отыр.
Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан шекарасында орналасқан Қызылқұм — үш мемлекетке ортақ тарихи-мәдени кеңістік. Алайда шекаралық сипатына байланысты «Нияз», «Шопанқазған», «Кекірелі» сияқты шалғай ауылдар ғылыми зерттеу аясынан тыс қалып келеді. Сонымен қатар Арал теңізінің кебуі салдарынан Оңтүстік Қызылқұм мен Арал табанының қосылуы жаңа экологиялық жағдай тудырып, бұл өңірді мекен ететін қазақтардың дәстүрлі білімі мен тіршілік ету тәжірибесін жедел құжаттауды талап етіп отыр.
Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмды мекен еткен қазақтардың бұл өңірді тарихи дәуірлерден игеруін, дәстүрлі және қосалқы шаруашылықтарды жүргізу ерекшеліктерін, қазақ ескерткіштері жүйесін қалыптастыруын және дәстүрлі тұрмыс қарекеттерін бүгінге дейін сақтап жеткізуін тарихи-этнографиялық, этноархеологиялық және этноэкологиялық тұрғыда зерттеу.
Бұл — Қызылқұмдағы қазақ ескерткіштерін этнология, этноархеология және ескерткіштану ғылымдарында пәнаралық тұрғыда зерттеп, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан ғылымына ортақ нәтиже беретін тұңғыш жоба. Алғаш рет «Қызылқұмдағы қазақ ескерткіштері» ұғымы «этноархеологиялық мәдениет» термині ретінде ғылымға енгізіледі. Оңтүстік Қызылқұмның «Аралқұм-Мойнақ» бағыты, «Мойнақ» кеме қорымы, ыстық артезиан-радон көздері, тасқа айналған ағаштар тоғайы сияқты тақырыптар отандық ғылымда алғаш рет зерттеу нысанына айналады. Сондай-ақ қазақ-қарақалпақ халықтарының Қызылқұмның қатаң экоортасында ортақ құндылықтар қалыптастыруы да алғаш рет ғылыми айналымға енгізіледі.
Жоба алты бағытты қамтиды: Қызылқұм тайпаларына қатысты ертетүркілік, ортағасырлық және ХVII-ХХ ғасыр басындағы жазба деректерді сараптайтын тарихи-этнографиялық зерттеу; ежелгі қоныстар мен көш-керуен жолдарының бекет-құдықтарын анықтап, құжаттайтын этноархеологиялық зерттеу; көрші мемлекеттер музейлеріндегі мұраларды интерпретациялайтын этнографиялық-этнофольклорлық зерттеу; сауда жолдары мен базар этнографиясын қамтитын этноэкономикалық зерттеу; жерасты су қорларын дәстүрлі пайдалану мен қоныстану жүйесін зерттейтін этноэкологиялық бағыт; және мал мен өсімдік әлемін дәстүрлі игеруді қамтитын этнозоологиялық-этноботаникалық зерттеу.
Зерттеу тарихи-этнографиялық, этнозоологиялық, этно-гео-экоботаникалық және этнофольклорлық тәсілдерді біріктіретін пәнаралық сипатта жүргізіледі. Далалық экспедицияларға этнограф, археолог, эколог, геобиолог ғалымдар, сондай-ақ халықаралық келісім-шарт негізінде шетелдік мамандар тартылады. Ескерткіштерді анықтауда спутниктік және сканерлік зерттеу, геоархеология мен геоморфология әдістері, сондай-ақ «энвайронментальды археология» тәсілі қолданылады. Құлпытастарды оқуда эпиграфика мен палеографияның дәстүрлі және цифрлық әдістері пайдаланылады.
Жоба Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан ғылымына ортақ нәтиже беруге бағытталған алғашқы кешенді жоба болып табылады. Зерттеу «Геоархеология» Халықаралық лабораториясының тәжірибесіне сүйене отырып, шетелдік ғалымдарды халықаралық экспедицияға тартады. Нәтижелер халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланады, бұл Қазақстанның Орта Азия аймағындағы этноархеологиялық зерттеулердегі рөлін нығайтады.
Жоба нәтижесінде анықталған жойылу қаупіндегі ескерткіштер Қызылорда және Түркістан облыстарының жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізіліп, құқықтық қорғауға алынады. Солтүстік Қызылқұмдағы «Аралши» қыстау-қоршауын ашық аспан асты ескерткіші ретінде сақтап, «музеефикация» жасау және экстремалды тарихи-туризм нысанына айналдыру жоспарлануда, бұл «Арал-Қызылқұм» эко-туризмін дамытуға негіз болады.
Халықаралық рецензияланатын ғылыми мақалалар; «Геомәдени кеңістіктегі Қызылқұм қазақтары» атты атлас-карта мен ғылыми каталогы қоса қамтылған ұжымдық монография.
36 айға (2025-2027 жж.) есептелген бұл жоба Қызылқұм өңіріндегі қазақ мұрасын алғаш рет жүйелі түрде құжаттап, оны жойылудан сақтауға негіз қалайды. Жоба нәтижелері Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан республикаларының жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық архивтер мен музейлері, Қызылорда мен Түркістан облыстарының мәдениет департаменттері, сондай-ақ Аралды қорғау Халықаралық қоры үшін маңызды болмақ.
Басқа жаңалықтар