Cапаны қамтамасыз ету саясаты
1.1 Осы Сапаны қамтамасыз ету саясаты (бұдан әрі – Саясат) «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамында (бұдан әрі – Университет) оқыту мен білім беру сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесінің қағидаттарын, міндеттемелерін, рәсімдері мен тетіктерін айқындайды.
1.2 Саясат Қазақстан Республикасының заңнамасына, білім беру саласындағы халықаралық стандарттарға (ESG), сондай-ақ Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес әзірленді (нормативтік актілер тізбесі 1 қосымшада көрсетілген).
1.3 Университеттің сапаны қамтамасыз ету жүйесі білім беру қызметін үздіксіз жетілдіру қағидаты негізінде жұмыс істейді, бұл нәтижелерді тұрақты талдауды, даму бағыттарын айқындауды және түзету мен алдын алу шараларын енгізуді көздейді.
1.4 Осы Саясаттың талаптары білім алушыларға, профессорлық оқытушылық құрамға, Университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлеріне қолданылады, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының сапасына қатысты рәсімдер бөлігінде сыртқы мүдделі тараптарға (стейкхолдерлерге) да таралады.
2.1 Академиялық еркіндік (academic freedom) – білім беру процесі субъектілеріне таңдау компоненті пәндері, қосымша оқу түрлері және білім беру қызметін ұйымдастыру мазмұнын өз бетінше айқындауға берілетін өкілеттіктер жиынтығы, оның мақсаты оқытушылар мен білім алушылардың шығармашылық дамуына жағдай жасау және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін қолдану.
2.2 Академиялық адалдық (academic integrity) - оқу, ғылыми және әкімшілік қызметтегі адал мінез-құлық қағидаттарының жиынтығы, оған плагиатқа, деректерді ойдан шығаруға, бұрмалауға, жасырын келісім жасау мен басқа да бұзушылықтарға жол бермеу кіреді.
2.3 Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитет - факультетте оқыту мен білім беру сапасын қамтамасыз ету және жақсарту үшін әдістемелік қолдауды үйлестіретін, соның ішінде халықаралық стандарттарға негізделген ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің сақталуын талдау және бақылауды, сондай-ақ академиялық қызметтің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруды жүзеге асыратын Университет оқытушыларының алқалы кеңесші органы.
2.4 Кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитет - бұл оқытушылардың алқалы кеңесші органы, ол білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптары мен кәсіби стандарттарға сәйкестігіне әзірлеуді,жаңартуды, бағалауды және бақылауды үйлестіреді, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын әзірлеудің басым бағыттары және оларды іске асыру үшін қажетті ресурстарды анықтау бойынша ұсыныстар әзірлейді. Академиялық комитеттің құрамына академиялық персонал, жұмыс берушілер және білім алушылар кіреді.
2.5 Ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі - Университеттің білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз етуге және оны тұрақты жетілдіруге бағытталған ұйымдастыру құрылымының, процестердің, рәсімдер мен ресурстардың жиынтығы.
2.6 Сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесі – білім беру сапасын сыртқы бағалау рәсімдерінің жиынтығы, оның ішінде институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу, сондай-ақ білім беру қызметінің сапасын тәуелсіз бағалаудың өзге де нысандары.
2.7 Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (ҚР МЖМС) - меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде әскери арнаулы оқу орындарында білім беру мазмұнына (оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып), білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, даярлық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайтын мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар.
2.8 Қосымша білім беру бағдарламасы (minor) - білім алушының қосымша құзыреттерді қалыптастыру мақсатында меңгеру үшін таңдаған пәндер және (немесе) модульдер мен оқу жұмысының басқа да түрлерінің жиынтығы.
2.9 «Univer» ақпараттық жүйесі (Univer АЖ) – Университеттің оқу үдерісін автоматтандыруды және басқаруды қамтамасыз ететін Univer.kaznu.kz ақпараттық-бағдарламалық кешені.
2.10 Білім беру сапасы - білім беру қызметінің тиімділігін сипаттайтын және білім алушы даярлығының ҚР МЖМС талаптарына, тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкестігін көрсететін кешенді сипаттама.
2.11 Сапа мәдениеті - білім беру қызметін үздіксіз жетілдіруге және білім беру процесінің барлық қатысушыларының білім сапасы үшін жауапкершілігін дамытуға бағытталған құндылықтар, қағидаттар мен тәжірибелер жиынтығы.
2.12 Сапаны қамтамасыз ету тетіктері - білім беру сапасын басқаруды қамтамасыз ететін процестер, рәсімдер, құралдар мен ұйымдастырушылық құрылымдар жиынтығы.
2.13 Микробіліктілік - қысқа мерзімді оқыту кезеңінде алынған және кәсіби стандартқа (немесе тиісті кәсіп шеңберінде) сәйкес бір еңбек функциясын орындауға жеткілікті білім, дағдылар мен құзыреттер көлемі.
2.14 Сапаны қамтамасыз ету – білім беру қызметінің сапасын қолдауға және үздіксіз жетілдіруге бағытталған процестер, рәсімдер мен іс-шаралар жиынтығы.
2.15 Білім беру бағдарламасы (БББ) – білім беру мақсаттарын, нәтижелерін, мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды, оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, сондай-ақ оқу нәтижелерін бағалау критерийлерін қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені.
2.16 Негізгі білім беру бағдарламасы (major) – білім алушылардың негізгі құзыреттерін қалыптастыру мақсатында айқындалған пәндер және (немесе) модульдер мен оқу жұмысының басқа да түрлерінің жиынтығы.
2.17 Академиялық талдау және білім сапасын бақылау кеңсесі - Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің құрылымдық бөлімшесі, ол білім беру процесінің көрсеткіштерін талдау, мониторингтеу және бағалау арқылы шешім қабылдауды қолдауды және білім сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
2.18 Білім беру бағдарламаларын жобалау кеңсесі – Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің құрылымдық бөлімшесі, ол Университеттің білім беру бағдарламаларын, микробіліктілік бағдарламаларын әзірлеу мәселелері бойынша әдіснамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді; бұл бағдарламалар Ұлттық біліктілік жүйесіне, ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына және ҚР кәсіби стандарттарына негізделеді.
2.19 Тіркеуші кеңсесі - білім алушының оқу жетістіктерін тіркеу мен академиялық рейтингін есептеуді, білімді бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыруды, аралық аттестаттау нәтижелерін бақылау мен талдауды қамтамасыз ететін академиялық қызмет.
2.20 Стейкхолдер (мүдделі тарап) – Университет қызметінің нәтижелеріне мүдделі жеке тұлға немесе тұлғалар тобы. Университеттің ішкі стейкхолдерлеріне барлық деңгейдегі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар, профессорлық-оқытушылық құрам және қызметкерлер жатады. Сыртқы стейкхолдерлерге түлектер, жұмыс берушілер, заң шығарушы және уәкілетті органдар, серіктестер жатады.
3.1 Осы Саясатты іске асыру шеңберіндегі Университеттің негізгі мақсаты - оқыту мен білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ету.
3.2 Сапа тұжырымдамасы білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз етудің кешенді тәсіліне негізделген және тұрақты оқу нәтижелеріне қол жеткізуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті түлектерді даярлауға бағытталған. 3.3 Университет білім беру процесінің барлық қатысушыларының білім сапасын қолдау және оны үздіксіз жетілдіру үшін жауапкершілігіне, академиялық әріптестікке және өзгерістерге ашықтыққа негізделген сапа мәдениетін дамытады.
3.4 Сапа тұжырымдамасы мыналарды көздейді:
− білім беру бағдарламаларының (БББ) нормативтік талаптарға және стейкхолдерлердің күтулеріне сәйкестігі;
− білім беру процесін оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағдарлау;
− оқытушылардың академиялық еркіндігін жүзеге асыру, оның ішінде оқыту әдістерін, оқытуды ұйымдастыру нысандарын және БББ шеңберінде ғылыми зерттеулер бағыттарын таңдау еркіндігі;
− оқытудың студентке бағдарланған сипаты және жеке білім беру траекторияларын қалыптастыру;
− Университеттің «Академиялық адалдық саясаты» талаптарын сақтау және білім беру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
− білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және білім беру ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
− білім беру процесіне білім алушылардың оқу сапасын арттыруға және білім беру траекторияларын дербестендіруге бағытталған цифрлық технологияларды енгізу;
− білім беру процесінде цифрлық оқыту форматтарын, білім беру платформалары мен қызметтерін, университеттің корпоративтік ақпараттық жүйелерін, цифрлық ресрустрады, білім беру саласындағы талдау мен жасанды интеллект технологияларын қолдану;
− Университет қызметі туралы сенімді және өзекті ақпаратты жүйелі түрде жинау, сақтау, талдау және пайдалану.
4.1 Университеттің Саясаты білім беру процесінің, оқыту мен білім берудің сапасын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық және басқарушылық тетіктерін айқындайды және білім беру бағдарламаларының белгіленген талаптар мен мүдделі тараптардың күтулеріне сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
4.2 Саясат Университетте келесі негіздерде жүзеге асырылады:
− сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесінің жұмыс істеуі;
− БББ жүйелі мониторингі; − оқу нәтижелерін талдау;
− оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін қажетті білім беру ресурстары мен жағдайларын қамтамасыз ету;
− цифрлық білім беру орталарын, платформалар мен қызметтерді, сондай ақ білім беру саласындағы талдау құралдарын қолдану;
− мониторинг және талдау нәтижелері негізінде түзету шараларын қабылдау.
4.3 Әрбір шығарылымнан кейін білім беру бағдарламаларының кешенді мониторингі жүзеге асырылады. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ-ның білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзектендіру туралы Ережесіне сәйкес БББ кезеңдік қайта қарау жүйелі негізде жүргізіледі.
4.4 Университет білім беру бағдарламаларын интернационалдандыруға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
4.5 Сапаны бағалау
4.5.1 Университетте білім беру сапасын бағалау барысында келесі аспектілер талданады:
− білім беру қызметінің процестері;
− БББ басқару рәсімдері;
− оқу нәтижелері;
− білім алушылар үшін білім беру ресурстары мен қажетті жағдайлардың болуы және олардың тиімділігі.
4.5.2 БББ сапасының негізгі көрсеткіші - түлектердің құзыреттерінің қалыптасуымен көрінетін оқу нәтижелеріне қол жеткізу болып табылады.
4.5.3 Сапаны бағалау келесі негіздерде жүзеге асырылады:
− білім алушылардың оқу жетістіктері;
− мониторинг нәтижелері;
− білім алушылардың кері байланысы;
− ішкі бақылау рәсімдерінің нәтижелері;
− білім беру ресурстарын пайдалану және қажетті жағдайларды талдау.
4.6 Сапа саясатының ауқымы Сапаны қамтамасыз ету саясаты мыналарды қамтиды:
− білім беру процесін ұйымдастыру сапасы;
− оқыту сапасы; − білім алу сапасы;
− оқу нәтижелері;
− білім беру ортасы, соның ішінде білім беру ресурстарына қолжетімділік және қажетті жағдайлар.
4.7 Қатысушылардың жауапкершілігі
4.7.1 Білім беру процесінің барлық қатысушылары өздеріне берілген құзыреттер шеңберінде осы Саясаттың талаптарын орындауға міндетті.
4.7.2 Университет басшылығы:
− ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
− білім беру сапасын дамытудың стратегиялық басымдықтарын айқындайды;
− белгіленген құзырет шеңберінде білім беру сапасы мәселелері бойынша басқарушылық шешімдер қабылдайды;
− БББ іске асыру үшін жағдайлар жасайды.
4.7.3 Оқытушылар:
− БББ іске асыруға қатысады, оқыту сапасы мен оқу нәтижелерін бағалауға қойылатын белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
− оқу нәтижелеріне қол жеткізу кезінде бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді;
− Университеттің «Академиялық адалдық саясаты» талаптарын сақтайды;
− осы Саясаттың 8-бөлімінде белгіленген тәртіппен БББ жүзеге асыруға және дамытуға қатысады;
− білім беру ресурстарын пайдаланады және білім алушылардың оқу нәтижелеріне қол жеткізуі үшін жағдай жасайды.
4.7.4 Білім алушылар:
− білім беру процесіне белсенді қатысады;
− БББ талаптарын орындайды;
− Университеттің «Академиялық адалдық саясаты» талаптарын сақтайды;
− кері байланыс ұсынады;
− білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесінің рәсімдеріне қатысады;
− оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін ұсынылған білім беру ресурстарын пайдаланады.
4.7.5 Университеттің жұмыс берушілері мен серіктестері:
− Университеттің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіпте БББ әзірлеуге, іске асыруға және бағалауға қатысады;
− түлектердің құзыреттерін дамыту бойынша ұсынымдар береді.
4.7.6 Әкімшілік персонал:
− ішкі сапа жүйесінің рәсімдерін іске асыруды қамтамасыз етеді;
− сенімді ақпаратты өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етеді;
− білім алушылар үшін білім беру ресурстары мен қажетті жағдайлардың қолжетімділігін қолдайды.
4.8 Академиялық еркіндік
4.8.1 Университет БББ талаптары мен ішкі нормативтік құжаттар шеңберінде академиялық еркіндікті іске асыруды қамтамасыз етеді.
4.8.2 Академиялық еркіндік мыналарды қамтиды:
− оқыту еркіндігі;
− ғылыми қызмет еркіндігі;
− оқыту әдістерін, білім беру технологияларын, сабақтарды ұйымдастыру нысандары мен бағалау құралдарын таңдау еркіндігі.
4.8.3 Академиялық еркіндікті іске асыру мына талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады:
− БББ талаптары;
− объективті бағалау қағидаттары;
− Университеттің «Академиялық адалдық саясаты» талаптары;
− білім алушылар үшін білім беру ресурстарын пайдалану және оқу мүмкіндіктері шарттары.
4.9 Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзектендіру
4.9.1 БББ әзірлеу, сараптау, бекіту және өзектендіру Қазақстан Республикасының заңнамасына және Университеттің ішкі рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4.9.2 БББ әзірлеу тәсілдері мыналарды қамтиды:
− оқыту және оқу сапасы, сондай-ақ кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық сапа комитеттері және БББ жобалау кеңсесі тарапынан сараптама жүргізу;
− оқыту әдістерін, пән мазмұнын және бағалау нысандарын таңдауда оқытушылардың академиялық еркіндігін ескеру;
− білім алушылардың оқу нәтижелерін, мониторинг нәтижелерін және кері байланысты талдау;
− жұмыс берушілердің ұсынымдарын және кәсіби стандарттар талаптарын ескеру;
− академиялық талдау және білім беру сапасын бақылау офисі жүргізген БББ талдауының қорытындылары бойынша ұсынымдарды ескеру;
− БББ мазмұны мен құрылымын үздіксіз жетілдіру.
4.9.3 БББ әзірлеу және өзектендіру академиялық адалдық, ашықтық, объективтілік, жауапкершілік және білім беру сапасын үздіксіз жетілдіру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
5.1 Университеттегі білім беру процесі студентке бағытталған оқыту қағидаттары негізінде жүзеге асырылады, бұл білім алушының білім беру процесіндегі белсенді рөлін, жеке білім беру траекториясын қалыптастыруды және оқу нәтижелері үшін жауапкершілігін көздейді.
5.2 Студентке бағытталған тәсіл мыналарды қарастырады:
− білім алушыны білім беру процесінің белсенді қатысушысы ретінде тану;
− білім алушылардың жеке білім беру қажеттіліктерін, академиялық қызығушылықтарын және кәсіби мақсаттарын ескеру;
− дербестікті, сыни ойлауды және шешім қабылдау дағдыларын дамыту;
− оқытуды дараландыру үшін жағдайлар жасау.
5.3 Білім алушылардың жеке білім беру траекторияларын қалыптастыру мына жолдар арқылы қамтамасыз етіледі:
− пәндерді/пән модульдерін таңдау арқылы жеке оқу жоспарларын қалыптастыру және енгізу;
− микробіліктілік бағдарламаларын және басқа да кәсіби сертификаттау бағдарламаларын меңгеру;
− академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу;
− білім алушыларға академиялық кеңес беру және сүйемелдеу.
5.4 Жеке білім беру траекториясы білім алушы эдвайзермен бірлесіп, БББ сы және таңдау пәндері каталогы негізінде Университеттің академиялық саясатына сәйкес қалыптастырылады.
5.5 Білім алушылардың тіркеуші кеңсесі электронды түрде жасаған жеке оқу жоспары оқу мерзімі аяқталғанға дейін Университеттің АЖ Univer сақталады.
5.6 Академиялық саясатқа және қорытынды бағалауды жүргізу ережелеріне сәйкес, Университет мыналарды қамтамасыз етеді:
− оқытушының пән бойынша ОН-рін бағалаудың бірыңғай, ашық және негізделген тәсілдерін әзірлеуі және қолдануы;
− оқытушының Университеттің АЖ Univer пәннің оқу-әдістемелік кешені туралы ақпаратты орналастыруы және оқудың бірінші аптасында ОН-рін бағалау саясатын түсіндіруі арқылы білім алушыларді пән бойынша ОН-рін бағалау саясаты туралы міндетті түрде хабардар ету;
− қорытынды бағалау ОН-не шағымдану мүмкіндігін;
− Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті мен Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитеттердің бағалау рәсімдерін үнемі талдауын, қорытынды бағалау ОН-рін жетілдіру және объективтілігін арттыру мақсатында жүргізуін.
5.7 Білім алушылар ағымдағы, аралық және қорытынды бақылаудың белгіленген рәсімдерін сақтауға, жеке оқу жоспарын орындауға және Университеттің «Академиялық адалдық саясаты» талаптарын ұстануға міндетті.
6.1 Білім алушының оқу кезеңдері келесілерді қамтиды: оқуға қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау (қалпына келтіру), академиялық ілгерілеу, оқу нәтижелерін тану және сертификаттау және бітіру.
6.2 Аталған кезеңдерді басқару ашықтық, әділдік, объективтілік пен тең қолжетімділік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады және ҚР МЖМБС талаптарын, Университеттің ішкі нормативтік құжаттарын сақтауға бағытталған.
6.3 Қабылдау рәсімдері ашықтық және академиялық адалдық қағидаттарына негізделеді. Университет «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ коммерциялық емес акционерлік қоғамына оқуға қабылдау ережелеріне» сәйкес келесіні қамтамасыз етеді:
− қабылдау қағидалары мен критерийлерінің ашықтығы;
− талапкерлердің барлық санаттары үшін тең қатысу шарттары;
− ұсынылған құжаттардың шынайылығы мен тексерілуі;
− талапкерлердің жетістіктерін объективті бағалау;
− қабылдау рәсімдердің құжаттандырылуы және оларды қоғамдық бақылау мүмкіндігі.
6.4 Білім алушыларды БББ, оқу нысандары және курстар арасында ауыстыру, сондай-ақ бұрын оқудан шығарылған білім алушыларды қайта қабылдау Университеттің Академиялық саясатында белгіленген тәртіппен, академиялық талаптар мен тең жағдайлар қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
6.5 Білім алушының білім алу траекториясының кезеңдері бойынша академиялық ілгерілеуі белгіленген ОН-не қол жеткізу және жеке оқу жоспарын табысты орындау шартымен жүзеге асырылады.
6.6 Университеттің Академиялық саясатына сәйкес келесі курсқа ауыстырудың негізі білім алушының осы курс бойынша БББ оқу жоспарындағы қажетті кредиттер көлемін игеруі және GPA балының белгіленген деңгейге жетуі болып табылады.
6.7 Оқу нәтижелеріне қол жеткізу ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау, сондай-ақ қорытынды аттестаттау кезінде бағаланады, нәтижелері Университеттің Univer АЖ есептерінде сақталады.
6.8 Басқа білім беру ұйымдарында білім алушылардың академиялық ұтқырлық, формалды, бейресми және заңмен негізделген жағдайларда бейресми білім беру шеңберінде алған оқу нәтижелерін тану Университеттің Академиялық саясатында және «Ресми және бейресми білім беру нәтижелерін, кәсіби біліктілікті тану тәртібі туралы ережеде» белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
6.9 Тануға мыналар кіреді: − бұрын меңгерілген пәндер мен кредиттерді қайта есепке алу;
− академиялық ұтқырлық нәтижелерін есепке алу;
− микробіліктіліктер мен кәсіби сертификаттарды тану;
− біліктіліктердің ұлттық салыстырмалылығын қамтамасыз ету. және халықаралық талаптармен
6.10 Сертификаттау білім алушының жеке білім беру модульдері, пәндері, шағын біліктілік бағдарламалары немесе оқытудың басқа түрлері бойынша ОН рін растайды.
6.11 БББ-сын толық меңгерген және қорытынды аттестаттауды сәтті аяқтаған жағдайда, білім алушыларға белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес тиісті дәреже және (немесе) біліктілік беріледі.
6.12 Университеттен білім алушыларды бітіру БББ-ның барлық талаптарын орындағаннан және қорытынды аттестаттаудан сәтті өткеннен кейін жүзеге асырылады.
6.13 Бітіру белгіленген үлгідегі білім туралы құжаттарды, сондай-ақ танылған оқу нәтижелері мен меңгерілген микробіліктіліктер бағдарламаларді (болған жағдайда) растайтын өзге де құжаттарды берумен сүйемелденеді.
6.14 Университет қорытынды аттестаттау, сертификаттау және құжаттарды беру рәсімдерінің ашықтығын, объективтілігін және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етеді.
7.1 Оқыту сапасы мен оқу нәтижелерінің объективтілігін қамтамасыз етуде профессорлар-оқытушылар құрамы (бұдан әрі – ПОҚ) маңызды рөл атқарады.
7.2 Университет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына және ESG қағидаттарына сәйкес ПОҚ іріктеудің, жұмысқа қабылдаудың, тағайындаудың, жоғарылатудың және тоқтатудың ашық және объективті критерийлерін белгілейді.
7.3 Оқытушылардың біліктілігі мен кәсіптік бейіні іске асырылатын БББ мазмұны мен деңгейіне, сондай-ақ белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс.
7.4 Университет БББ шеңберінде оқыту әдістерін, білім беру технологияларын және ғылыми қызмет бағыттарын таңдауда оқытушылардың академиялық еркіндігін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды.
7.5 ПОҚ мыналарға қатысады:
− БББ әзірлеу, мониторингтеу және жетілдіру;
− оқу нәтижелерін және бағалау критерийлерін қалыптастыру;
− оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу; − инновациялық білім беру технологияларын енгізу.
7.6 БББ іске асыру ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысатын оқытушылар арқылы қамтамасыз етіледі, бұл оқыту мен ғылымның интеграциясына ықпал етіп, пәндер мазмұнының өзектілігін арттырады.
7.7 Университет мыналарды қамтамасыз етеді:
− білікті оқытушыларды тарту;
− жаңадан қабылданған оқытушыларды Университеттің ішкі нормативтік құжаттарымен таныстыру;
− біліктілікті жүйелі арттыру;
− педагогикалық шеберлікті дамыту;
− ПОҚ-тың кәсіби қызметіне әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету.
7.8 Университетте оқытушы портфолиосы жүргізіледі, онда кәсіби жетістіктер, педагогикалық қызмет, ғылыми жұмыс нәтижелері және біліктілікті арттыру көрсетіледі. Портфолио аттестаттау жүргізу, кадрлық шешімдер қабылдау және кәсіби дамуды жоспарлау кезінде пайдаланылады.
7.9 Оқытушылардың педагогикалық құзыреттілігі заманауи білім беру технологияларын, соның ішінде цифрлық білім беру құралдарын, онлайн оқыту платформаларын, аралас және қашықтықтан оқыту технологияларын меңгеруді, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, оқушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауды қамтиды.
7.10 Оқытушылар кәсіби құзыреттіліктерінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету үшін кемінде бес жылда бір рет біліктілігін жүйелі түрде арттырып отыруы тиіс.
7.11 Университет ПОҚ-тың үздіксіз кәсіби дамуы мен мансаптық өсуі үшін жағдайлар жасайды.
7.12 Оқытушылардың кәсіби қызметін бағалау белгіленген критерийлер негізінде жүзеге асырылады және педагогикалық, ғылыми және әдістемелік қызметті талдауды қамтиды.
7.13 Оқыту сапасы мына жолдар арқылы бағаланады:
− білім алушыларға сауалнама жүргізу;
− оқу нәтижелерін талдау;
− білім беру процесінің ішкі мониторингі;
− аттестаттау рәсімдері.
7.14 Бағалау нәтижелері білім беру процесін жетілдіру, педагогикалық құзыреттелікті дамыту және негізделген кадрлық шешімдер қабылдау үшін қолданылады.
7.15 ПОҚ-ты іріктеу, аттестаттау және қызметін бағалау рәсімдері ашық, құжатталған және жоғары деңгейдегі оқыту сапасы мен бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
8.1 Университетте мамандарды даярлау дәстүрлі жоғары (бакалавр, мамандандырылған) және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура, докторантура) БББ бойынша жүзеге асырылады (ақпарат Farabi University университетінің веб-сайтындағы «Оқуға түсушілерге» қойындысында жарияланған).
8.2 Университет сонымен қатар қосдипломды білім беру бағдарламаларын (ҚДБББ) және бірлескен білім беру бағдарламаларын (ББББ) жүзеге асырады (ақпарат Farabi University университетінің веб-сайтындағы «Халықаралық ынтымақтастық» қойындысында көрсетілген).
8.3 ҚДБББ және ББББ халықаралық/республикалық/пәндік рейтингтердің үздік 300-іне және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) университеттерінің желілік құрамына кіретін университеттермен серіктестікте әзірленеді.
8.4 Сондай-ақ Университетте білім алушылар мен өзге де санаттағы тыңдаушыларға кәсіби стандарттар мен еңбек нарығы талаптарында көзделген нақты еңбек функцияларын орындауға қажетті кәсіби құзыреттерін қалыптастыру мақсатында микробіліктілік бағдарламалары (МББ) әзірленіп, іске асырылады.
8.5 Университеттегі барлық БББ үшін әзірлеу, орындау, үйлестіру, бекіту және қарау рәсімдерінің бірыңғай тәртібі белгіленді. ҚДБББ, ББББ және МББ үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңарту туралы ережеде» көрсетілген әзірлеу және енгізу ерекшеліктері бар.
8.6 Университет БББ сапасын, өзектілігін және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (МЖМС), ішкі нормативтік құжаттарға, қолданылатын халықаралық стандарттар мен мүдделі тараптардың күтулеріне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында оларды жүйелі түрде мониторингтен өткізеді.
8.7 БББ мониторингі оқу нәтижелерін алу туралы деректерді талдауға, білім беру процесіне қатысушылардың кері байланысына, сондай-ақ ішкі және сыртқы сапаны бағалау нәтижелеріне негізделген. Мониторинг үздіксіз жетілдірудің циклдік қағидаты (жоспарлау - іске асыру – талдау - жетілдіру) негізінде жүзеге асырылады.
8.8 БББ сапасын бағалаудың негізгі критерийлеріне мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
− БББ сұранысқа ие болуы - оқу нәтижелері мен түлектердің құзыреттіліктерінің еңбек нарығы мен кәсіби ортаның ағымдағы және болжамды қажеттіліктеріне сәйкестігі;
− ресурстық қамтамасыз ету - көрсетілген оқу нәтижелеріне қол жеткізу үшін кадрлық, оқу-әдістемелік, ақпараттық, ғылыми және материалдық техникалық ресурстардың жеткіліктілігі;
− оқыту нәтижелеріне қол жеткізу - нақты қол жеткізілген оқу нәтижелерінің мәлімделген оқу нәтижелеріне және кәсіби стандарттардың талаптарына сәйкестігі;
− оқыту және бағалау әдістері - қолданылатын оқыту әдістерінің оқу мақсаттары мен нәтижелеріне сәйкестігі, сондай-ақ бағалау рәсімдері мен құралдарының Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына және ESG халықаралық стандарттарына сәйкестігі;
− БББ өзектілігі - еңбек нарығының қажеттіліктеріне, жұмыс берушілердің талаптарына және экономикалық салалар мен әлеуметтік саланы дамытудың заманауи үрдістеріне сәйкестігі;
− БББ инновациялылығы - кәсіби қызметтің жаңа және перспективалы бағыттарына, сондай-ақ ғылым мен технологиялардың дамуына сәйкестігі;
− білім беру технологиялары - заманауи оқыту әдістері мен технологияларын, цифрлық білім беру құралдарын, онлайн платформаларды, аралас және қашықтықтан оқыту технологияларын, сондай-ақ білім беру процесінде білім алушылардің оқу жетістіктерін объективті бағалау құралдарын пайдалану;
− білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің интеграциясы – білім беру процесінің ғылыми зерттеулермен, ғылыми жобалармен және қазіргі заманғы ғылыми жетістіктермен өзара байланысы.
8.9 БББ-сын бақылау рәсімі кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттердің білім беру бағдарламасына ішкі талдау жүргізуін қамтиды, ол мыналарды көздейді:
− түлектердің оқу нәтижелері мен құзыреттіліктерінің еңбек нарығының талаптарына, кәсіби стандарттарға және тиісті саланың заманауи даму үрдістеріне сәйкестігін бағалау;
− БББ-сын құрылымы мен мазмұнының Қазақстан Республикасындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының, Ұлттық біліктілік шеңбері, салалық біліктілік шеңберлері және кәсіби стандарттар талаптарына сәйкестігін талдау;
− БББ-сын құру логикасын, пәндердің сабақтастығын және оқу нәтижелеріне қол жеткізуді, пәндер мазмұнының заманауи ғылыми жетістіктерге және еңбек нарығының талаптарына сәйкестігін талдау;
− кәсіби практикалардың нәтижелерін ұйымдастыру және талдау;
− БББ жаңарту және енгізу мәселелері бойынша жұмыс берушілермен, білім алушылармен, түлектермен және басқа да мүдделі тараптармен өзара әрекеттесу;
− БББ-ның мазмұнын жетілдіру жолдарын және оларды жүзеге асыру шарттарын анықтау;
− БББ отандық және шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ұқсас бағдарламаларымен үйлестіру, олардың салыстырмалылығын, академиялық ұтқырлығын және сапасын арттыру;
− БББ-сын жаңарту және білім беру процесінің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар дайындау.
8.10 БББ мониторингі аясында оқыту мен білім беру сапасы жөніндегі Академиялық комитеттер келесі бағыттар бойынша ішкі талдау жүргізеді:
− қолданылатын оқыту әдістері мен ОН-рін бағалау тиімділігіне;
− білім беру процесінің оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуіне;
− БББ-ның кадрлық, ақпараттық және цифрлық ресурстармен қамтамасыз етілуіне;
− инновациялық білім беру технологиялары және цифрлық оқыту құралдарының қолданылуына;
− оқыту сапасы мен оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша білім алушылардың кері байланыс нәтижелеріне;
− білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық адалдық қағидаларын сақтауына.
8.11 БББ жыл сайын қайта қарауды кадрларды даярлау бағыттары бойынша Академиялық комитеттер жүзеге асырады. Қайта қарау ішкі мониторинг нәтижелері негізінде және аккредиттеу мен сыртқы сараптаманың өзге де нысандары бойынша сыртқы бағалау қорытындыларын ескере отырып жүргізіледі.
8.12 Кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттер және Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі академиялық комитеттер БББ-сын бақылау және шолу нәтижелері бойынша түзету және алдын алу шараларын қабылдайды, бұл білім беру процесін үздіксіз жетілдіруді қамтамасыз етеді.
8.13 БББ-сын мониторингі мен шолу нәтижелері келесі мәселелер бойынша басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланылады:
− БББ-ның оқу бағдарламалары мен білім беру инфрақұрылымын түзету; − оқыту және бағалау әдістерін жетілдіру;
− ПОҚ-ның кәсіби дамуын жоспарлау;
− БББ-ның нормативтік талаптарға, халықаралық стандарттарға және мүдделі тараптардың күтулеріне сәйкестігін қамтамасыз ету;
− білім алушыларді қабылдау, гранттарды бөлу және басқа да қолдау шаралары туралы шешімдердің негіздемесі;
− БББ-рын әзірлеуді, ресурстарды бөлуді, білім беру инфрақұрылымын жетілдіруді және білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы басқа да басқарушылық шешімдерді жоспарлау.
9.1 Университет ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі шеңберінде білім алушылардың білім беру сапасын қамтамасыз етуге қатысуы үшін жағдай жасайды және білім алушыларды білім беру үдерісінің белсенді қатысушысы ретінде қарастырады.
9.2 Білім алушылар білім беру сапасы үшін серіктестік және өзара жауапкершілік қағидаттары негізінде БББ-ны әзірлеуге, мониторингке, жетілдіруге қатысады.
9.3 Білім алушылардың білім беру сапасын қамтамасыз етуге қатысуы мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
− алқалы және консультативтік органдардың, сондай-ақ факультеттердегі кадрларды даярлау бағыттары бойынша Академиялық комитеттердің жұмысына қатысу;
− Университет басшылығымен және құрылымдық бөлімшелермен кездесу өткізу; − білім беру үдерісін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен бастамалар енгізу.
9.4 Білім алушылардың қатысу нәтижелері талданып, БББ-ны, оқыту әдістері мен білім беру үдерісін ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі.
9.5 Университет студенттердің білім ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз етеді, оған электрондық оқу басқару жүйелері (LMS), онлайн платформалар мен сервистер, сондай-ақ оқу процесін жеке бейімдеуге, жеке прогресті қадағалауға және білімдегі кемшіліктерді анықтауға арналған білім берудегі талдаудың құралдары кіреді.
9.6 Университет білім алушылардың білім беру ресурстарына және қолдау тетіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді, оған академиялық, ақпараттық, әлеуметтік және психологиялық көмек кіреді.
9.7 Білім алушылардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
− теңдік;
− кемсітушілікке жол бермеу;
− инклюзивтілік;
− құпиялылық;
− әділдік.
9.8 Университет білім алушылардың жынысына, ұлтына, тіліне, дініне, әлеуметтік жағдайына, денсаулық жағдайына және өзге де жағдайына қарамастан, білім беру ресурстары мен қолдау қызметтеріне тең қол жеткізуіне кепілдік береді.
9.9 Университетте білім алушыларға академиялық, ақпараттық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету мен бейімдеуді қамтамасыз ететін қолдау қызметтері жұмыс істейді.
9.10 Білім алушыларға оқу, академиялық ұтқырлық, пәндерді ауыстыру және қайта есепке алу, сондай-ақ білім беру ресурстарын пайдалану, жеке білім беру траекторияларын қалыптастыру мәселелері бойынша кеңес беріледі.
9.11 Білім алушылардың өтініші белгіленген тәртіппен қаралады, ашықтық, объективтілік және мерзімдік қағидаттары сақталады, ал қарау нәтижелері туралы ақпарат өтініш берушіге жеткізіледі.
9.12 Білім алушылардың мүддесін қорғау мақсатында Университет білім беру үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді, оның ішінде БББ іске асыру шарттары өзгерген жағдайда оқуды жалғастыру мүмкіндігін қарастырады.
9.13 Университет ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды қоса алғанда, білім алушылардың барлық санаты үшін тең оқу мүмкіндіктерін жасауға бағытталған инклюзивті білім беру ортасын дамытуды қамтамасыз етеді. Университет білім беру үдерісіндегі кедергілерді жойып, білім беру ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолдау шараларын қабылдайды.
10.1 Университет БББ тиімді басқару мен ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін жүзеге асыру мақсатында өзінің қызметі, білім беру үдерісі және іске асырылатын БББ туралы сенімді де өзекті ақпаратты жүйелі түрде жинауды, сақтауды, талдауды, пайдалануды қамтамасыз етеді.
10.2 Сапаны қамтамасыз ету саласындағы басқарушылық шешімдер сенімді деректерді, БББ мониторингісінің нәтижелері мен білім алушы, оқытушы, жұмыс беруші және басқа да мүдделі тараптың кері байланысын талдау негізінде қабылданады.
10.3 Университет басқарушылық шешімдерді қабылдаудың тиімділігін арттыру және сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесін дамыту мақсатында жасанды интеллект технологияларын, деректерді басқарудың цифрлық құралдары мен деректерді интеллектуалдық талдау технологияларын енгізуді қамтамасыз етеді.
10.4 Ақпарат мынадай мақсаттар үшін пайдаланылады:
− іске асырылатын БББ мен білім беру үдерісінің тиімділігін бағалау;
− ПОҚ кәсіби дамуын жоспарлау;
− білім беру ортасын жақсарту бағыттарын анықтау;
− Университет қызметінің нәтижелері және БББ-дағы өзгерістер туралы мүдделі тараптарды ақпараттандыру;
− осы Саясаттың 8-бөлімінде көзделген ішкі мониторинг рәсімдері мен басқарушылық процестерді ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.
10.5 Ақпаратты жинау, талдау және өңдеу рәсімдері мыналарды қамтиды:
− сандық және сапалық әдістерді пайдалану (сауалнама жүргізу, мониторинг, статистикалық талдау, ішкі және сыртқы бағалау);
− білім алушыларды, ПОҚ-ты, жұмыс берушілерді және Университет серіктестерін тарту;
− деректерді жүйелі сақтап, өзектендіру.
10.6 Жиналатын ақпараттың мазмұнын Университет миссиясы мен кадрлар даярлау бағыттары айқындайды және мыналарды қамтиды:
− білім алушылар контингенті туралы мәліметтер;
− үлгерім көрсеткіштері, білім алушылардың жетістіктері және оқудан шығарылу деңгейі;
− білім алушылардың БББ-ға қанағаттану деңгейі; − білім беру ресурстары мен қолдау қызметтерінің қолжетімділігі;
− Университеттің және оның құрылымдық бөлімшелерінің негізгі қызмет көрсеткіштері;
− БББ мониторингісі мен қайта қарау рәсімдері шеңберінде қалыптастырылатын деректер.
10.7 Университет талапкер, білім алушы, түлектер, жұмыс берушілер, серіктестер және басқа да мүдделі тараптар үшін объективті, өзекті де қолжетімді ақпаратты жариялауды қамтамасыз етеді.
10.8 Жарияланатын ақпарат мыналарды қамтиды:
− іске асырылатын білім беру бағдарламалары;
− БББ бойынша күтілетін оқу нәтижелері;
− берілетін біліктіліктер;
− бағалау рәсімдері мен критерийлері;
− қабылдау талаптары және өту балдары;
− білім беру ресурстары және білім алушыларды қолдау шарттары;
− БББ мониторингісі, қайта қарау нәтижелері мен негізгі өзгерістер.
10.9 Ақпарат Университеттің ресми сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Университет қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында білім беру мен ұйымдастырушылық қызметтің нақты жағдайына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады.
11.1 Университет Қазақстан Республикасының заңнамасы мен жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесінде көзделген институционалдық және мамандандырылған аккредитацияны, сондай-ақ рейтингілер мен сыртқы бағалаудың өзге де нысандарын қоса алғанда, сапаны сыртқы қамтамасыз ету рәсімдеріне қатысады.
11.2 Сыртқы бағалау рәсімдері БББ мен Университет қызметінің белгіленген талаптарға, сапа стандарттарына және стейкхолдерлердің күтулеріне сәйкестігін растауға бағытталған.
11.3 Сыртқы бағалау нәтижелері мыналар үшін пайдаланылады:
− осы Саясаттың 8-бөліміне сәйкес БББ-ға ішкі мониторинг жүргізу және қайта қарау;
− ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін дамыту;
− БББ мониторингі мен қайта қарау рәсімдерін түзету;
− ПОҚ кәсіби дамуын жоспарлау;
− білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдау.
11.4 Университет өзгерістерді жоспарлау және БББ мен ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру кезінде сыртқы бағалау нәтижелерін жүйелі түрде талдауды қамтамасыз етеді.
11.5 Университет қызметінің сыртқы бағалау нәтижелері туралы ақпарат құпиялылық және ашықтық талаптарын сақтай отырып, мүдделі тараптар үшін қолжетімді түрде жарияланады.
12.1 Осы Саясат Университеттің Ғылыми кеңесінде қаралып, бекітіледі және 3 (үш) жыл мерзім ішінде қолданылады. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін құжат қайта қарауға жатады.
12.2 Саясатты өзектендіру Қазақстан Республикасының заңнамасында, білім беру сапасын қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарында немесе Университеттің ішкі нормативтік құжаттарында өзгерістер болған жағдайда белгіленген мерзімнен бұрын жүзеге асырылуы мүмкін.
12.3 Осы Саясатты бекіту, өзгерту, толықтыру немесе күшін жою туралы шешім Университеттің Ғылыми кеңесінің отырысында қабылданады.
12.4 Осы Саясатты өзектендіруді бақылау Академиялық мәселелер жөніндегі департаментке жүктеледі.
12.5 Осы Саясат Университеттің Ғылыми кеңесінде бекітілген күннен бастап күшіне енеді.
1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2007 жылғы 27 шілде №319-III);
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі №2 бұйрығы);
3. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі №152 бұйрығы);
4. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығы);
5. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын тізілімге енгізу мен одан шығару негіздері (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы №106 бұйрығы);
6. Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде жоғары білім сапасын қамтамасыз ету стандарттары мен нұсқаулығы (ESG);
7. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жарғысы (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының 2020 жылғы 25 тамыздағы №512 бұйрығы);
8. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Академиялық саясаты;
9. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамындағы Академиялық адалдық саясаты;
10. Оқу нәтижелерін бағалау саясаты;
11. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ұлттық акционерлік қоғамына оқуға қабылдау ережелері;
12. Университетте қорытынды бағалауды жүргізу ережелері;
13. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ-да жасанды интеллект технологияларын қолдану туралы ереже (Ғылыми кеңестің шешімімен бекітілген, 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №6 хаттама);
14. Формальді және формальді емес білім берудің оқыту нәтижелерін, кәсіптік біліктілікті тану тәртібі туралы ЕРЕЖЕ.