ТДМ 15 «Таза орта – дені сау ұрпақ» экологиялық акциясы
ТДМ 15 «Таза орта – дені сау ұрпақ» экологиялық акциясы аясында жатақхананың тазалығын сақтау және студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында гүл отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған игі шара Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға кураторы Қажыбек Айгерім Маратқызының бастамасымен өткізілді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жатақхана ішіндегі тазалықты сақтау, ортақ орындарды ретке келтіру және білім алушыларға таза ортаның маңызын түсіндіру болды. Таза әрі жинақы орта – денсаулықтың және жақсы көңіл күйдің кепілі.
Сенбілікке жатақхана тұрғындары белсенді қатысып, ортақ аумақтар мен бөлмелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоқыстар жиналып, айнала ретке келтірілді. Сонымен қатар, гүл отырғызу – табиғатты сақтауға бағытталған шағын болса да, маңызы зор игі іс. Осындай шаралар арқылы біз қоршаған ортамызды таза ұстап, болашақ ұрпаққа жасыл да көркем орта қалдыруға өз үлесімізді қосамыз.
Сенбілік барысында жатақхана ішін көркейту мақсатында гүлдер отырғызылды. Гүлдер жатақхана ішіндегі дәліздер мен ортақ бөлмелерге орналастырылды. Бұл жатақхана ішіне ерекше сән беріп, жайлы атмосфера қалыптастырды. Жасыл өсімдіктер ауаны тазартып қана қоймай, көңіл күйді де көтерді.
Шара барысында студенттер мен оқытушылар бірлесіп жұмыс істеп, бір-біріне қолдау көрсетіп, жылы қарым-қатынас орнатты. Бірге еңбек ету олардың арасындағы сенімділікті арттырып, ортақ іске деген ынтаны күшейтті. Бұл тек жатақхана ішін таза ұстаумен шектелмей, бір-біріне деген ізгі сезім мен сыйластықты да нығайтты.
Сенбілік соңында жатақхана іші айтарлықтай өзгеріп, таза әрі жинақы күйге енді. Қатысушылар өз еңбектерінің нәтижесін көріп, қуаныш сезіміне бөленді. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қорытындылай келе, «Таза орта – дені сау ұрпақ» қағидасы – барлығымызға ортақ ұстаным. Жатақхана ішіндегі тазалықты сақтау – әр білім алушының міндеті. Таза әрі жайлы ортада өмір сүру тек денсаулыққа ғана емес, адамдар арасындағы байланыс пен сыйластықты нығайтуға да әсер етеді.