Шаңырақ – отбасы мен бірліктің символы
Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Шаңырақ күні болып бекітілгені белгілі. Бұл күн – тек мереке ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын, отбасы құндылықтарын, ұлттық бірлікті дәріптейтін маңызды сәт. Шаңырақ күні – отбасының қадірін, ұрпақтар сабақтастығын және бірлікті дәріптейтін ерекше мереке.
Шаңырақ – киіз үйдің ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани болмысын айшықтайтын терең мәнді нышан. Оның дөңгелек пішіні – мәңгіліктің, өмірдің үздіксіз жалғасының, татулық пен үйлесімділіктің көрінісі. Киіз үйдің шаңырағы берік болуы үшін оның уығы мықты, керегесі кең болуы қажет десек, дәл сол секілді елдің ертеңі жарқын болуы үшін әрбір отбасының іргесі бекем, құндылықтары мығым болғаны абзал.
Қазақ халқы үшін қай дәуірде де шаңырақ ұғымы айрықша қастерлі. Ол – жай ғана баспана емес, ол – отбасының тірегі, жылуы мен берекесінің, ұрпақтар сабақтастығының символы. «Шаңырағың биік болсын!» деген ізгі тілектің астарында ұлттың амандығы, әулеттің тұтастығы мен берекесі жатыр. Шаңырақ – татулықтың, сыйластықтың, бірліктің белгісі ретінде халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алады.
Осы орайда Шаңырақ күніне байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отбасы институтының маңызын арттыруға бағытталған. Соның бір жарқын көрінісі – Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде өткен тағылымды жиын. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойына отбасыға деген құрметті қалыптастыру, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық сияқты ізгі қасиеттерді сіңіру болды.
Жиын барысында факультетте еңбек етіп жүрген, берекесі мен бірлігі жарасқан үлгілі отбасылар студенттермен өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар отбасы ішіндегі өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызына тоқталып, өмірде кездесетін түрлі жағдайларды сабырмен шешудің жолдарын ортаға салды. Әсіресе, отбасының адам тұлғасының қалыптасуындағы рөлі ерекше екендігі кеңінен түсіндірілді. Адамның мінез-құлқы, дүниетанымы, үлкенге деген құрметі мен кішіге деген қамқорлығы ең алдымен отбасында қалыптасатыны атап өтілді.
«Шаңырақтың шаттығы – сыйластықта» деген нақыл сөздің мәнін ашқан бұл басқосу отбасындағы бақыт пен татулықтың негізі өзара құрмет пен сенімде екенін айқындай түсті. Бір шаңырақ астында әртүрлі буын өкілдері, әртүрлі мінез иелері өмір сүрсе де, оларды біріктіретін ортақ құндылық – отбасыға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік екендігі ерекше айтылды.
Іс-шараға Компьютерлік ғылымдар кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамынан үлгілі отбасылар қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, Урмашев Б.А. пен Тұрсынбай А.Т., Макашев Е.П. пен Кулмуратова А.Ш., Қасымбек Н.М. пен Барысова С.Б. сынды отбасылар жиынға қатысып, отбасы құндылықтарын насихаттауға өз үлестерін қосты.
Іс-шара соңында «Берік шаңырақ – бақыттың бастауы» деген тағылымды ой түйінделіп, тату-тәтті отбасының адам өміріндегі ең үлкен байлық екені тағы бір мәрте нақтыланды. Қазақ халқында айтылатын «Шаңырағың шайқалмасын!» деген тілек – тек бір үйдің емес, бүкіл елдің амандығы мен бірлігін аңсайтын асыл ниеттің көрінісі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Шаңырақ күні тек отбасылық мереке ғана емес, ол – ұлттық бірлікті нығайтатын, рухани құндылықтарды жаңғыртатын, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын ерекше күн. Бұл мереке әрбір шаңырақтың берекесін арттырып, қоғамдағы татулық пен келісімді одан әрі күшейтуге қызмет етеді.
Басқа жаңалықтар