- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты қатысқан команда ҚР Парламенті Сенатының «Талдау мектебі. Алматы» жобасы аясында жеңімпаз атанған аналитикалық баяндаманы ұсынды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты қатысқан команда ҚР Парламенті Сенатының «Талдау мектебі. Алматы» жобасы аясында жеңімпаз атанған аналитикалық баяндаманы ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің докторанты Айдана Аслановна Ғалымжанова қатысқан команда «Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасының жеңімпаздары қатарына еніп, сарапшылар алқасы жоғары бағалаған аналитикалық баяндаманы ұсынды.
ҚазҰУ өкілінің қатысуымен қол жеткізілген бұл нәтиже университеттің – еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталығының – жас зерттеушілерді даярлау деңгейінің жоғары екенін айқындайды. Университет зерттеу мәдениетін, халықаралық ынтымақтастықты және тәжірибеге бағдарланған білім беруді жүйелі түрде дамытып, жаңа буын мамандарын даярлауға қолайлы жағдай жасап келеді.
ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі экономика, қаржы, менеджмент, бизнес және мемлекеттік басқару салаларында кадр даярлайтын жетекші орталықтардың бірі болып табылады. Мұнда аналитикалық құзыреттерді дамытуға, деректермен жұмыс істеуге, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады.
2026 жылғы 16 мамыр мен 20 маусым аралығында ҚР Парламенті Сенатының бастамасымен, Алматы қаласы әкімдігі мен Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылған «Талдау мектебі. Алматы» жобасы мегаполистің өзекті мәселелері бойынша аналитикалық шешімдер әзірлеу үшін жас мамандар мен зерттеушілерді біріктірді.
Қорытынды кезеңге мемлекеттік секторды, ғылыми қауымдастықты және бизнесті ұсынған 13 команда қатысты. Әр команда қаладағы өзекті мәселені жан-жақты зерттеп, сарапшылар алқасына практикалық ұсынымдары бар аналитикалық баяндамасын ұсынды.
Айдана Ғалымжанованың қатысуымен команда «LEZ go SMART, Almaty» жобасын әзірледі. Жоба төмен эмиссиялы аймақты (Low Emission Zone, LEZ) енгізу жағдайында көлік ағындарын зияткерлік басқаруға арналған. Аналитикалық баяндамада көлік жүктемесі мен ауа сапасының ластану деңгейі зерттеліп, көлік құралдарының кіруін цифрлық мониторингтеу және реттеу тетіктері, сондай-ақ қаланың көлік жүйесінің экологиялық тиімділігін арттыру бойынша практикалық ұсынымдар ұсынылды.
Жобаны жария қорғау қорытындысы бойынша аналитикалық баяндама сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып, ҚР Парламенті Сенатының «Сарапшылар пікірі бойынша үздік аналитикалық баяндама» арнайы номинациясымен марапатталды.

Айдана Ғалымжанованың қатысуымен әзірленген аналитикалық баяндаманың жеңісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің жоғары ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл оқу орны заманауи деректер талдау әдістерін қолдана алатын және экономика, қалалық орта мен мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер ұсына алатын бәсекеге қабілетті зерттеушілер мен сарапшыларды даярлайды.
Басқа жаңалықтар