ҚазҰУ мен TÜRGAD ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

14 шілдеде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркияның мемлекеттік телерадио корпорациясы TRT тілшісі, Түркі әлемі радио және телевизия журналистері қауымдастығының (TÜRGAD) президенті Олгунай Көсемен кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты ҚазҰУ мен түркі елдерінің журналистика саласының кәсіби және академиялық қауымдастығын біріктіретін жаңа халықаралық ұйым арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау болды.
Кездесу барысында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Галеева А.К.-мен студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдар әзірлеу, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ Олгунай Көсе журналистика факультетінде болып, оқу телестудиясы мен мамандандырылған зертханалардың жұмысымен танысты. Кездесу барысында журналистік білім беруді дамыту үрдістері, медиа саласының цифрлық трансформациясы және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
TÜRGAD қауымдастығы журналистер, зерттеушілер және түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық алаң ретінде құрылуда. Ұйым қызметінің негізгі бағыттарына кәсіби диалогты дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды қолдау, академиялық байланыстарды нығайту және журналистиканың жоғары кәсіби стандарттарын ілгерілету кіреді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастықтың алғашқы шетелдік серіктестерінің бірі ретінде таңдалуы тараптардың ұзақ мерзімді академиялық және кәсіби ынтымақтастықты дамытуға деген өзара мүдделілігін көрсетеді. TÜRGAD ресми түрде қызметін бастағаннан кейін білім беру, ғылым және сарапшылық бағыттарындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру арқылы университеттер мен түркі әлемінің медиа қауымдастығы арасындағы әріптестікті нығайту жоспарланып отыр.
Басқа жаңалықтар